Итальяндық инвесторлар Батыс Қазақстанға инвестиция салмақ

/uploads/thumbnail/20170716220923063_small.jpg

Итальяндық инвесторлар Батыс Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытуда деп жазады Qamshy.kz ақпараттық агенттігі khabar.kz-ке сілтеме жасай отырып. Өңір әкімінің баспасөз қызметінде хабарлағандай, Италияның Милан қаласында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандық делегацияның қатысуымен бизнес-форум өтті. Кездесу Елбасының республикамызға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.

Шараға  келген инжинирингпен, мұнайгаз саласына құрал-жабдық шығарумен айналысатын итальяндық ірі компаниялардың басшыларына Батыс Қазақстан облысы экономикасының негізгі салалары, инвестициялық әлеуеті, өңірді мұнайгаз кластеріне бағытталған машина жасау орталығына айналдыру жөніндегі іс-шаралары  таныстырылды. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, еліміздің батыс аймағының агроөнеркәсіп өнімдеріне деген сұранысын толығы­мен қанағаттандыруға болады.

Сонымен қатар ЕАЭО мен ЕО елдеріне де азық-түлік экспортының көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта шетелдік инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Жалпы шетелдік компаниялардың облысқа инвестиция салуға қызығушылығы зор. Оған кабельді-сымды өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпорын, жылыжай шаруашылығының құрылысы, заман талабына сай келетін жаңа қонақ үй салу жобалары мысал бола алады. Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін және же­дел қарқынмен дамып келе жатқан басқа да түрлі жобалар бар.

Бұдан бөлек, облыс әкімі итальяндық компанияларды Елордада өтіп жатқан EXPO-2017 көрмесін, сондай-ақ Орал қаласында дәстүрлі түрде өтетін WestKazInvest–2017 форумын тамашалауға шақырды. Онда шетелдік қонақтарға отандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара пікір алмасу, жаңа өнім түрлерін шығару, бірлескен кәсіпорын құру турасында келісіммен уағдаластық жүргізуге барлық жағдай жасалады. Форумнан соң облыс әкімі итальяндық компания басшыларымен жеке кездесті. Соның нәтижесінде ірі инвесторлар облыстың бизнес әлеуетімен жан-жақты танысу үшін Ақ Жайық өңіріне арнайы баратындарын  жеткізді.

Шолушы: Әсел Болатқызы

 

Связанные Статьи