Бүгін Астана қаласы «Отан Ана» Отан қорғаушылар алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 3660 әскери бөлімінің 80 жас шақырылым жауынгерлері салтанатты түрде Әскери ант қабылдады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Салтанатты Ант қабылдау шарасына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, өзара іс-қимыл жасайтын органдардың, Астана қаласы әкімшілігінің жетекшілері, сондай-ақ дін өкілдері, ардагерлер және сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң мемлекетімізде алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскерді құрған болатын.
- Ұлттық ұланның жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы жауапты қызметті абыроймен атқарып келеді. Бүгін Әскери антты Ұлттық ұлан сапына еліміздің Алматы және Атырау облысынан келген 80 жас жауынгер қабылдады. Әскери ант қабылдаған сарбаздар жауынгерлі дәстүрді жалғастыратынына сенімдімін,-дейді 3660 әскери бөлімінің командирі подполковник Тахир Исламов.
Ант қабылдау - Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны», - дейді.
Яғни, адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету - ең ұлық қызмет.