Кремль Владимир Путиннің 2018 жылғы президенттік сайлау бағдарламасын негіздейтін «болашақтың бейнесін» жасап шығара алар емес. Бұл жұмыстың үлкен еңбекпен атқарылып жатқанын "Хабаршыға" президент әкімшілігіне қатысы бар, әрі бұрынғы федералдық шенеунік хабарлаған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Басылымның мәліметінше, «болашақтың бейнесі» бағдарламасының «делдалдары» жиі ауысты: алғашында бағдарламаға тележүргізуші Валерий Фадеев жауапты болды, кейіннен Азаматтық қоғамды дамыту қорының директоры Константин Костин басшылық етсе, одан соң «Қоғамдық ой» қорының директоры Александр Ослон бағдарламаны қолына алды.
«Болашақтың бейнесі – бұл экономикалық, қоғамдық және саяси бағдарлама. Фадеев Қоғамдық палатаға ауысқандықтан, әрі Костиннің қолынан келмегендіктен біраз қиындықтар болған. Ал Ослон бағдарлама негізінде әлеуметтік зерттеу жүргізеді», - деп айтты әкімшілікке қатысы бар адам.
Оның айтуынша, Путинге арналған болашақтың бейнесімен 10 шақты ұйым айналысуда: Алексей Кудриннің стратегиялық орталығы, ММУ-дағы экономикалық факультетінің деканы Александр Аузан, Сбербанк президенті Герман Греф. Жалпы кампанияға жауапты адам ретінде әкімшілік басшылығының орынбасары Сергей Кириенконы атады.
«Болашақтың бейнесі» қыркүйектің аяғында дайын болуы тиіс.
Владимир Путин төртінші мерзімдік президенттікке ниетті ме, жоқ па, бұл жайында ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Президенттік сайлау алдағы жылдың наурызында өтеді.