Ыстамбұлдың шығыс тұсындағы аудан Умраниенің Дудуллы маһаллесіндегі үлкен даңғылдардың біріне Әл-Қаида ұйымының негізін қалаған Абулла Аззамның аты берілген деп жазады Qamshy.kz.
Терроршылар тізімінің серке есімдерінің бірі, жаһандық жиһад идеологиясының негізін салған Абдулла Аззамның атына көше беру Республикашыл халық партиясының шамына тиген. Премьер Иылдырымға депутаттық сауал жолдаған партия депутаты Танырқұлы Түрік парламентінде «даңғылдың ескі атауы қандай еді? Түркия Әл-Қаиданы террор ұйымы деп танудан бас тарта ма? Егер Әл-Қаида террор ұйымы болса оны құрушының аты көшеге қандай негізбен берілді?» деп мәселе көтерген.
Айта кетсек, Әл-Қаида — 2996 адамның өмірін қиған атақты Егіз мұнара террорлық актісімен әлемге таныс. Түркия Әл-Қаиданы террор ұйымы ретінде таниды. Әл-Қаида Түркияда алғаш рет 2003 жылы терракттер ұйымдастырған. 15-20 қараша арасында Ыстамбұлда болған 4 бірдей терракттен 59 кісі өліп, 750-ден астам адам жараланған. Осы терракттің екінші жарылысында Ұлыбританияның Түркиядағы бас консолы қайтыс болған.
Абдулла Аззам — Палестинаның ықпалды дінтанушы ғалымы болған. Ауғанстандағы Совет әскерімен соғысуға мұсылмандарды жихадқа шақырып аты шыққан. 1989 жылы жарылыста қаза тапқан.