Қазақстандықтар не себепті өздерінің ішкі ағзаларын сатуға мәжбүр?

/uploads/thumbnail/20170720110424564_small.jpg

Соңғы уақытта органдарды трансплантациялау жайында жаңалықтар көбейіп кетті. Бірнеше күн бұрын көз жұмған жігіттің органдарын рұқсатсыз алған дәрігерлер ол жігіттің туыстары тарапынан үлкен дауға іліккен болатын. Белгілі болғандай, отандастарымыздың көбісі көз жұмғаннан кейін олардың ағзаларын өзге біреуге салуға қарсы екен, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Karavan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алайда, бұл мәселенің екінші жағы бар. Кейбір адамдар, тіпті, көзі тірісінде өздерінің ішкі ағзаларын сатылымға қойып, интернетке жариялайды екен. Ғаламторда ағзаларды сатылымға қоятын түрлі форумдарды кездестіруге болады. Олардың ішінде ең көп ұсынылған тауарлар – бүйрек пен бауыр.

Өздерінің ішкі ағзаларын сатылымға қойған бірнеше қазақстандықтардың пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

"Маған өте қомақты қаржы керек, сол себепті де өзімнің бүйрегімді форумға жарнамалап, сатылымға қойдым. Ол жердегі адамдар бұл мәселеге шынайы мән бермейтін секілді. Мен бағасын айтқаным жоқ, егер де маған жақсы ұсыныс түсіп, көп қаржы ұсынатындар болса, мен бүйрегімді сатуға дайынмын.

Бұдан еш қорықпаймын. Егер бағым жанса, бір бүйрекпен де өмір сүре аламын, болмаса, тағдырдың дегеніне көнемін.

Маған екі ер адам хабарласты, алайда олардың дауыстары маған ұнамағандықтан бас тарттым. Сонымен қатар, менің қасымда әке-шешем отырған болатын. Олар бұл жайында білмеуі қажет", - дейді 19 жастағы Сәуле есімді бойжеткен.

Ал, Айнұр есімді қыз өзінің бүйрегі мен бауырының бір бөлігін сатылымға қойыпты: «Маған шұғыл түрде ақша қажет, сол себепті де бүйрегім мен бауырымның бір бөлігін сатылымға шығардым. Қазіргі маған көптеген адамдар қоңырау шалады. Маған 5 миллион теңге ұсынған болатын, алайда мен бас тарттым. Себебі, мен өзімнің бүйрегімді 10 миллионға бағалаймын.

Тіпті, 10 миллион теңгенің өзі аз сияқты. Себебі мен бүйрегімді сатып жатырмын, ал оны маған кейін ешкім де қайтарып бере алмайды. Ал егер бауырымның бір бөлігін сатсам, ол кейін қалпына келеді.

Мен, әрине, қорқамын. Бір бүйрекпен ғана қалсам, не болар екен деп үнемі ойлап жүремін. Екінші бүйрегіммен қиындықтар туындамайды ма екен деп қорқамын. Сонымен қатар, бұл іс заңды ма, жоқ па, оны да білмеймін, сол жағынан да аздап қорқынышым бар», - дейді Айнұр.

26 жастағы Сандуғаш есімді қыздың жағдайы мүлдем бөлек екен: «Менің жиенім қатты аурып қалды, оған ота жасату үшін қомақты қаржы керек. Егер, ақша қатты қажет болған жағдайда, өз ішкі ағзаңды сатуға болады дегенді көп естігенмін. Мен интернеттен форумды тауып алып, ол жерге өзімнің бүйрегімді сатылымға қойдым. Алайда, қатты қорқамын, дегенмен сатуға мәжбүрмін.

Маған екі адам хабарласып 2,5 және 3 миллион теңге ұсынды. Ол адамдар барлық жауапкершілікті өз мойындарына алып отыр және де маған алаңдауға еш себеп жоқ екендігін айтады. Олар мені дәрігерге туысымыз немесе досымыз деп таныстырмақ.

Бұл мәселе қазір шешілді. Мұндай қадамға шынымен де баруым керек пе, жоқ па деп мүлдем ойланбаймын да», - дейді ол.

23 жастағы Айдос есімді жігіт өзінің бүйрегін сатпақ екен.

«Мен ипотеканы қалай төлейтінімді білмеймін. Сол себепті де өз бүйрегімді сатылымға қойдым. Адамдар өздерінің ішкі ағзаларын сатылымға шығаратындығын көп естігенмін. Кейін мен де ғаламторда форумды тауып алып, хабарландыру бердім.

Қорқамын, бірақ қалай да өмір сүру қажет. Менің басқа амалым жоқ. Әкем қайтыс болып кеткен, қазір кішкентай ініміз екеуміз ғана қалдық. Тамаққа ақша табу керек және де пәтердің ақысын төлеу қажет.

Бүйрегімді 4 миллион теңгеге сатпақпын. Алайда маған қоңырау шалғандар 2 немесе 3 миллион ғана ұсынып отыр. Ол маған жетпейді, сондықтан да қолайлы ұсыныстарды күтемін», - дейді жас жігіт.

Қазіргі таңда түрлі форумдардағы бүйректің бағасы 3 миллионнан 5 миллионға дейін барады. Алайда, кебір хабарландыру берушілер 10 миллион мен 30 миллион теңгеге дейін бағалап жатыр.

Өткен жылға қарағанда бүйректің бағасы тым төмен түсіп кеткендігін байқауға болады. 2016 жылдың аяғына қарай бүйректің бағасы 4 миллионнан басталып 125 миллион теңгеге дейін жеткен. Ал бауырдың бір бөлігін $20 000-ға алуға болады екен.

Дайындаған: Назерке Лабихан

Связанные Статьи