Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Қ.Н. Қасымов Ауғанстан президентінің кеңесшісі, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңестің басшысы Ханиф Атмармен кездесті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отрып.
ІІМ-де өткен кездесуде Қ.Қасымов шетелдік мейманға еліміздегі ішкі істер органдары жүйесі туралы әңгімеледі. Министр өз сөзінде қазақстандық полиция қызметінің басым бағыттарының бірі – есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл екенін атап өтті. Бұл бағыттағы міндеттер шетелдік әріптестермен екіжақты, тіпті кейде бірнеше тараппен бірлесіп атқарылады.
Қазақстан Республикасының ІІМ Ауғанстандағы есірткіге қарсы күресті күшейту шараларын қолдау жөніндегі халықаралық жобаларға белсенеді қатысады. Кездесу барысында бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ.
Мемлекеттер арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде ҚР ІІМ Қарағанды академиясында «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша 73 ауған азаматын оқыту қарастырылған, оның ішінде 26 курсант осы Академияны тәмамдады.
Ауғанстанмен екі арадағы өзара ынтымақтастық тұрғындарды азаматтық қорғау саласында да іске асырылады. Қазіргі уақытта бұл мемлекетке Алматы қаласында жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалаларды азайту жөніндегі орталық жанындағы бақылаушы мәртебесі ұсынылған.
Кездесуге қатысушылар есірткі бизнесіне, заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық, азаматтық қорғаныс саласында өзара іс-қимыл жасасудың, ақпарат алмасу және басқа да өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету аспектілерінің негізгі формаларын талқылады.
Кездесу өзара түсіністік және конструктивті диалог түрінде өтті.