21 шілдеде Алматы облысы Үшарал қаласының әуежайы ашылып, әуежайға Астанадан алғашқы рейспен демалушылар ұшып келді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Мұндағы ескі əуежайдан соңғы ұшақ осыдан ширек ғасыр бұрын ұшқан болатын. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Салтанатты шарада облыс әкімі А. Баталов өңірде туризмді өркендету бағытында атқарылып жатқан шаралар, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, туристік нысандардың құрылысы жайлы айтып өтті.
«Бүгін бәріміз үшін - тарихи күн. Елбасының облысымызға 2014 жылы іссапармен келгенде берген тапсырмаларының бірі - Алакөл көлінде туристік саланы дамыту болатын. Соған сәйкес өңірде туристік инфрақұрылым қарқынды дамып, заманауи туристік нысандар, қонақ үйлер көптеп салынуда. Соның нәтижесінде Алакөлге елімізбен қатар ТМД-дан, тіпті алыс шетелдерден де демалуға азаматтар келіп жатыр. Алакөлдің туристік потенциалы зор. Жаңа әуежайдың ашылуы туристік саланың одан әрі дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», - деді А. Баталов.
Сонымен қатар Алматы облысының Құрметті азаматы Мұхтар Жолжанов, ауданның басқа азаматтары көпшілікке өз құттықтауын жеткізіп, мемлекеттік қолдауға ризашылығын білдірді.
Оставить комментарий