2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшiн 484,2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы Үкiмет отырысында Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру үшiн 2017 жылы 484,2 млрд. теңге қарастырылған. Оның iшiнде 2017 жылғы 1 шiлдеге дейiн 126,5 млрд. теңге игерiлдi. 2017 жылы Ұлттық қор қаржысынан 109 бiлiм беру нысанының құрылысына 71,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның 53-i ауыспалы нысан, 56-ы жаңа нысан», - дедi «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасының 2017 жылғы 1-шi жарты жылдықтағы қорытындысы туралы баяндаған Сүлейменов.
Министрдiң айтуынша, биылғы жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша, жергiлiктi бюджетке 30,4 млрд. теңге аударылды және толық көлемде игерiлдi. Жамбыл, Қарағанды және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында 1150 орындық 3 мектеп және Маңғыстау мен Шығыс Қазақстан облыстарында 2 балабақша iске қосылды.
«Республикалық маңызы бар 22 негізгі автожол жобаларын жүзеге асыру үшін 2017 жылы республикалық бюджеттен және Ұлттық қор қаржысынан 259,8 миллиард теңге қарастырылып, оның ішінде 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін 51,5 млрд. теңге игерілді. Сонымен қатар, қосымша халықаралық қаржы ұйымдарынан 96,4 млрд теңге тартылып, бүгінге дейін оның 13,2 млрд. теңгесі игеріп отыр. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы құрылыс және қайта жаңғырту арқылы 4,4 мың км жолды қамтып, 602 км пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін 2017 жылы ұлттық қор қаржысы есебінен және республикалық бюджеттен 55 млрд. теңге қарастырылып, оның ішінде 15 млрд. теңге игерілді. Осы қаражат Құрық портының екінші кезеңі мен Астана әуежайының құрылысына жұмсалады. Атап айтқанда, Құрық портындағы паромдық кешеннің екінші кезеңін іске асыру үшін 50 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде ағымдағы жылдың 1 шілдесінде «Қазақстан темір жолы» 15 млрд. теңге игерді», - деді министр.
Министрдің айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Ал Астананың халықаралық әуежайындағы жолаушылар терминалы, осы жылдың 31 мамырында пайдалануға берілген.
«Осы нысанның қосымша инфрақұрылымы үшін 2017 жылы ұлттық қор қаржысы есебінен 5 млрд. теңге бөлінді. Жоспар бойынша қаржы ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін игерілуі қажет», - деді Сүлейменов.