Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығына әйгілі рок-музыкант Виктор Цойдың әкесі – Роберт Цой мен Виктор Цой атындағы қордың Қазақстандағы төрағасы Леонид Хан келді. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатовпен кездесу барысында белгілі әншінің жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиедегі рөлі сөз етілді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды қаласында әншіге арналып ескерткіш ашылуымен елімізге жолы түскен Роберт Максимович уақытының тығыздығына қарамастан Ұлттық ұланнның Бас қолбасшылығына шақыруын үлкен ілтипатпен қабылдады.
Кездесу барысында қадірменді мейман шақыртуға қуанышты екенін айтып өтсе, өз кезегінде Ұлттық ұланның Бас тәлімгері онымен жеке кездесу үлкен мәртебе екенін тілге тиек етті.
Роберт Цой Қызылорда облысының тумасы. Сол себепті де еліміз оған етене таныс. «Қазақстан – менің Отаным» деп алаңсыз айтуы да осыдан болса керек. Астана мен қазақ елінің адам танымастай өзгеруі, қарыштап алға дамып келе жатқаны – оны қуантып отырғанын алға тартты. Әскери іс те Роберт Максимовичке таңсық емес екен. Ленинград қаласындағы Д.Ф.Устинов атындағы Балтық мемлекеттік техникалық университетінің түлегі өзінің отставкадағы «капитан-лейтенант» екенін зор мақтанышпен айтып өтті.
Роберт Цойды, әсіресе, ұлының Қазақстандағы танымалдылығы таң қалдырды. Ал Қарағандыдағы ұлына арналған ескерткіштің қойылуы турасында ой былайша өрбітті:
– Менің ойымша ескерткіштерді ұлы адамдарға қою керек. Витька өз өнерімен сол ұмытылмас адамдардың қасына жақындады, – деп баласы үшін мақтаныш сезімін де жасырмады. Виктор Цойдың есімін ұлақтап, оның өнердегі орнын айшықтай отырып, ескерткіш орнатқандары үшін Қазақстанға шексіз ризашылығын білдірді.
Генерал-майор Мұхаметқали Сатов өз кезегінде талай буын өкілдерінің «Кино» тобының, оның ішінде Виктор Цойдың өлеңдерімен өскендерінің және де оның даусының ерекше есте қалғанын сөз етті. Талант иесінің ерте өлімі барша музыка сүйер қауымның қабырғасын қайыстырғаны сөзсіз. 27 жылдың жүзі өтсе де, топтың жанкүйерлері осы оқиғаны жүрегіне жақын қабылдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында Ұлттық ұланның Бас тәлімгері қонақтарға алғысын айтып, Виктор Цойдың әкесіне ұландықтардың тарихынан сыр шертер «Құқықтық тәртіп әскерінің жылнамасы» атты кітап пен әскери басылымдарды сыйға тартты. Виктор Цой атындағы қордың төрағасы Леонид Ханды «Құқықтық тәртіп әскеріне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Оставить комментарий