2 қыркүйекте "Абу-Даби Плазаның" құрылыс алаңында жаппай төбелес болды
ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Абу-Даби Плаза жанында болған оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Үндістанның үш азаматын ұрып тастағаннан кейін жұмысшылар кейін қайтып, күзет бекетіне тас лақтырған. Оқиға сағат 19.30-де басталады. Тек сағат 20.05-те ғана күзет полицияға хабарлайды.
"Оқиға орнына жасақтар келеді. Көпшілік адамның тіл білмеуінен мәселе туындады. Ағылшын тілін білетін жедел топ келді. Бірақ шетелдік жұмысшылар ағылшын тілін білмегендіктен, біз елшіліктен көмек сұрадық. Елшілік 25 минуттан кейін өз өкілін жіберді, оларға қолдау үшін үлкен рахмет. Бірінші консул келді, олар көмек көрсетті", — деді Қасымов.
Полиция сағат 21.45-те оқиға орнын тексеруге кіріседі.
"Болғаны осы, ал кейінгі болған жағдай, әрине, қисынсыз дүние. Далада Үндістанның тағы екі азаматын ұрып тастайды. Бұл сағат 20.10 және 20.20-да болады. Бұл азаматтарды тұрғын жайдың ішінен тауып, ауруханаға жеткізілді", — деді министр.
Осыдан кейін шетелдік жұмысшылар тұратын жердің жанына азаматтар жиналып, дереу мән-жайды анықтауды талап еткен.
Осыған байланысты ең белсенді 56 адам полицияға жеткізіліп, олармен әңгіме жүргізілген. Белсенді түрде тәртіпті бұзған адамдарға қатысты материалдар сотқа жөнелтілді. Сегіз адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15, 10 және 5 тәулікке қамалған.
"Далада болған жағдай осы, оның жанжалға қатысушыларға еш қатысы жоқ. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіп жатырмыз. Айыпты адамдардың барлығы анықталды, олар түсінік беріп жатыр", деп хабарлады Қасымов.
Үш қылмыстық іс қозғалған, қазір тергеу жүріп жатыр.
"Тергеуді бақылауда ұстап отырмыз. Далада жанжалға қатысқан Үндістанның 30-40 азаматын елден шығару мәселесін сот шешеді. Кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады", — деді министр.
Айтуынша, шетелдіктер құрылыста заңсыз жұмыс істеді дегенге қатысты дерек анықталмаған.