Қанат бастаған батырларға жанкүйерлер Жетісудан Астанаға шерумен жол тартты

/uploads/thumbnail/20170906110916222_small.jpg

EXPO-2017 ұлттық көрмесі аясында өтетін бокс додасына Алматы облысынан 100-ден астам адам автошерумен жол тартты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Астанада 9 қыркүйекте Қанат Ислам мен Брэндон Куктың жекпе-жегі өтеді. Сонымен қоса, Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Жәнібек Әлімханұлы, Әли Ахмедов сынды боксшылар шаршы алаңда өз бақтарын сынайды. Алматы облысынан шыққан жанкүйерлер өздерін «Қазақ батырларын қолдауға шықтық» деп сипаттайды.

Талдықорғанда қайырымдылықпен айналысып, көші-қон мәселесінде қандастарға құқықтық көмек көрсетіп жүрген қоғам белсендісі Дәулетжан Шаймаран бастаған жанкүйерлер «Қамшы» тілшісіне Астанаға «3 автобус, 6 жеңіл көлікпен жанкүйерлердің аттанғанын» хабарлады.

Айта кететін болсақ, санаулы күннен кейін 33 жасқа толатын қандасымыз Қанат Ислам соңғы кездесуін Американың Делавэр штаты Уилмингтон қаласында бразилиялық боксшы Робсон Ассиспен өткізіп, қарсыласын алғашқы минутта-ақ құлатып салған болатын.

Қанат Ислам кәсіпқой боксқа 2012 жылы ауысып, сол уақыттан бері ешкімге дес берген жоқ. Ол өзі өткізген 24 кездесудің барлығында жеңіске жетті. 20 рет қарсыласын нокаутқа түсірді. Соңғы кездесуі қандасымыздың АҚШ жерінде өткізген төртінші жекпе-жегі. Ол WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы.

Өзінің ашық жаттығуы аясында Қанат Ислам тілшілерге берген сұхбатында «Біздің жаттығу лагеріміз керемет болды. Өз-өзіме сенімдімін және жеңіске жетуге дайынмын. Алда болатын жекпе-жекті тағатсыздана күтіп жүрмін. Бұл – менің үйім және мен жеңемін», – деген еді.

Связанные Статьи