Qamshy.kz ақпараттық агенттігі дереккөзінің хабарлауынша жақын күндері бірнеше облыстың әкімдері ауысып қалуы мүмкін.
Бұған дейін, дәлірек айтсақ, 14 наурызда Президент Жарлығымен Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері ауысқаны белгілі. Ақмола облысына Мәлік Мурзалин, Қарағандыға Ерлан Қошанов, Маңғыстауға Ералы Тоғжанов тағайындалса, Солтүстік Қазақстан облысына Құмар Ақсақалов басшы болып барған еді.
Басқа бірнеше облыс әкімдерінің лауазымдарына тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, Алматы облысы мен Алматы қаласының, Қызылорда, Жамбыл облыстарының әкімдері ауысады екен деген сыбыс бұған дейін де бірнеше рет шыққан болатын. Ол болжамды да негізсіз дей алмайсыз. Мәселен, Жамбыл облысының басшысы Кәрім Көкірекбаев бұл лауазымға 2013 жылы желтоқсан айында тағайындалды. Қырымбек Көшербаев та осы жылы вице-премьерліктен Қызылорда облысына әкім болып барды. Амандық Баталов Алматы облысының тізгінін 2014 жылы ұстаса, Бауыржан Байбектің Алматыға басшы болғанына да екі жылдан асты. Бұл қатарға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты да қосуға болады.
Елбасының қатысуымен өткен соңғы жиындар мен елдегі қалыптасып отырған саяси, экономикалық ахуалға қарап кадрлық ауыс-түйістер тек облыс әкімдерімен шектелмеуі мүмкін деген де болжам жасауға болады. Бұдан бұрынырақ Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Астана ЭКСПО-2017» басшысы Ахметжан Есімовтың премьерлік креслоға жайғасуы мүмкін екенін жазған еді. Одан бөлек, таяу күндері үкіметтің басқа да мүшелері ауысып жатса таң қалып керек емес. Мәселен, сырттан инвестициялар тартуға жауапты Инвестициялар және даму министрлігінің жұмысына қатысты осыған дейін аз сын айтылған жоқ. Министрліктен бөлек осы бағыттағы жұмыстармен айналысатын арнайы құрылғанымен, елге ағылып жатқан инвесторларды көре алмадық. Бұл олқылықтар Елбасының жаңа кадрлық шешімдер қабылдауына себеп болуы әбден мүмкін.
Оставить комментарий