Алматыда "Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшудегі ерекшеліктері" атты дөңгелек үстелде жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай сөз сөйледі.
"Біз сәуір айында Елбасымен өткен кездесуде латын әліпбиіне өту туралы көп ой айтқан едік. Соның бірі, барлық мемлекеттік білім беру орындарында, балабақшаларда 3 түрлі әліпбиді оқыту қажет деп санаймыз.
Мәселен, қазақ тілінде өтетін пәндерді латын әліпбиінде, орыс тіліндегі сабақтар кириллицада және ағылшын тіліндегі пәндер үшін ағылшын әліпбиін қолдану қажет. Осы орайда біз бірлігімізді сақтап, оны әрі қарай дамытуға үлес қоса аламыз. Сонда ғана біздің болашақ ұрпақ үш тілді терең меңгеріп, нағыз сауатты азамат болмақ.
Қиын деулеріңіз мүмкін. Алайда, бұл мәселе ешқандай қиындық тудырмайды. Өйткені орыс тіліндегі пәндер кириллицада өте бермек, ал ағылшынды оқып жүргендер үшін латын әліпбиіне өту оңай соғады. Жастарымыз ұлтына қарамай үш тілді теңдей меңгеріп шығады. Екі тілге бөліну, бірін-бірі түсінбеу деген мәселелерді түбегейлі жойып, бірлігіміз арта береді демекпін.
Бұдан бөлек, латын әліпбиіне өте отырып, мәдени мұрамыз бен тарихымызды тереңнен зерттеуге мүмкіндік алатынымызды ескеру қажет" деді Смағұл Елубай.
Оставить комментарий