Латын әліпбиіне көшуге қатысты «Алматы Студенттер альянсы» республикалық студенттік қозғалысының атқарушы директоры С. Сандыбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Оның мәтіні төмендегідей.
"Біз, Алматы қалалық «Студенттер альянсы» ұйымының мүшелері, Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңызда көрсетілген мақсаттар мен ұстанымдарға қолдау білдіреміз.
Бүгінгі жастар арасында салауатты өмір салты мен білімді болу үлгіге айналып, олар жаңа кәсіп игеріп, ағылшын тілін меңгеруге бар күш-жігерін жұмсап жүр.
Латын әліпбиіне көшу заман талабы екенін жас буын бар назарымен ұғынады. Бүгінгі таңда үлгі ретінде ұсынылған латын әліпбиінің нұсқасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында белсенді қолданысқа еніп жатыр.
Әлемдік экономикалық, ғылыми кеңістікке енуіміздің алғышарты әліпбиіміздің латын қарпіне ауысу болғандықтан, біз Сіз бастаған латын әрпіне көшу жобасын толығымен қолдаймыз.
Сіз межелеген XXI ғасырдың әлемдік картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар мемлекет, тарихи түбі бір түркі елдерінің бірі әрі бірегейі екендігімізді анықтайтын латындандыру жобасына қолдау білдіреміз әрі сол мақсат жолында аянбай еңбек етеміз.
Олай болса, Сіздің сындарлы саясатыңызға әрқашан қолдау білдіріп, Қазақ елінің жалынды жастарына артқан сеніміңізді ақтауға уәде береміз" деп жазды «Алматы Студенттер альянсы» республикалық студенттік қозғалысының атқарушы директоры С. Сандыбаева.
Оставить комментарий