Латын әліпбиіне көшуге қатысты «Жас Отан» корпоративтік қорының басшысы М. Ахметов Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Оның мәтіні төмендегідей.
"Қазақстан Республикасының Президенті,
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа
Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы, Тәуелсіздігімізді алған сәттен бастап, сіз Қазақстан жастарына әрдайым демеп, қолайлы жағдай жасап келесіз. Оның ішінде еліміздегі жастардың ордасы саналатын Алматы қаласының жастарына деген ілтипатыңызды ерекше сезініп келеміз. Бұған дәлел ретінде ширек ғасыр аралығында Сіздің бастамаларыңыз бен саяси ұстанымыңыз жастардың ортасында қолдауға ие болып, бірауыздан мақұлданып отырғанын айтуға болады.
Латын әліпбине көшу мәселесі ертеден талқыға түсіп, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болғаны белгілі. Сіз өзіңіздің саяси көрегендігіңіздің арқасында осы жолыда латын әліпбиіне көшуді жылдамдату бағытын ұстанып, халықтың ойындағы мәселені дәл уақытында қолға алдыңыз. Әсіресе бұл үдеріс қазақстандық жастарға ғылым мен техниканы меңгеруге жол аша отырып, төл әліпбиіміздің қайта жаңғыруына мүмкіндік бермек. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз: біріншіден тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Осы мақсатта еліміздегі «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері жастардың арасында латындандыру бағдарламасын қоғамдық талқылау аясында түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Сіздің, бізге артқан үмітіңізбен сеніміңізді ақтап, жастар тарапынан қажетті шараларды жүргізетін боламыз" деп жазды «Жас Отан» корпоративтік қорының басшысы М. Ахметов.
Оставить комментарий