Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясына дайындық аясында халық қалаулылары елорданың индустриалды аумағын аралады. Депуттармен кездесу барысында өндірісшілер шешімін таппаған бірқатар мәселелерді көтерді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Астана қаласы мәслихатының депутаттары елорданың индустриалды аумағында орналасқан 4 өндірістік кәсіпорынға барды. Олар - «Ipek Kagit Central Asia» ЖШС тұрмыстық және санитарлық гигиеналық қағаз өнімін өндіру зауыты, «Led Solution» ЖШС жарық диодты өнім шығаратын өндіріс зауыты, «Спецэлектра» ЖШС электр жабдығын шығаратын зауыт, «Industrial Company «Zoom» ЖШС ұлттық елтаңба шығаратын зауыт.
Астана қаласы мәслихатының депутаты, бюджетті комиссия төрағасы Мирас Шекенов атап өткендей, өндірісшілер көтерген мәселелер жүйелілік кейпінде. Ол теңгенің курсына қатысты. Оған қоса жылыту бойынша мәселе бар.
-Мәлім болғандай, индустриалды аймақ аумағында 60-тан астам жоба іске асырылуда. Менің біліуімше, бүгінде олардың 42-і жұмыс істейді. Біз 4 кәсіпорынға бардық. Өндірісшілер көтерген мәселелер жүйелі түрде болып тұрады екен. Ол шикізаттың шет елден сатып алынатынына байланысты, теңгенің курсына қатысты мәселе бар. Онымен бірге жылытуға қатысты мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл мәселе депуттармен мәслихаттың отырысында бірнеше рет көтерілген болатын. Қазір бұл мәселені біз қайта мәслихаттың кезекті сессиясында көтеретін боламыз. Индустриалды аумақ дамыған, ЖЭС да осы жерде, дегенмен жылу жоқ. Бұл мәселені шешуде жұмыс істеу керек, инвесторлар үшін жоба қызықты болу үшін еңбектену қажет, - деді Мирас Шекенов.
Оған қоса кездесу барысында өндірісшілер өнімді сатуда кездесетін кейбір мәселелер жөнінде айтты. Мәселен,тұрмыстық және санитарлық гигиеналық қағаз өнімін өндіретін зауыттың өз бағасына өнімді сатуда проблемасы бар.
– «Ipec Kagit Central Asia» ЖШС-нің өнімді өз бағасына сатуда проблемалар бар. Бүгінде олар толық қуаттылыққа шыға алмай отыр. Кәсіпорын жылына 3500 тонна өнім өндіреді, дегенмен олар жылына бұл көрсеткішті еселеп, қуаттылықты 16 000 тоннаға дейін арттыра алады. «Спецэлектра» өндірісіне қатысты, біздің жобалар бұрынғы технология бойынша жұмыс істейді. Ескі технология бойынша жұмыс істеуде көп уақыт кетеді, - деп атап өтті мәслихат депутаттары.
Өндірісшілер көтерген барлық мәселелер өңірлік инвестициялық саясатты іске асыру және инвестицияны тартуда стратегияны қалыптастыру бойынша атқарушы органның жұмысына арналған мәслихаттың кезекті сессиясында қарастырылады.
Айта кетейік, Астана қаласы мәслихатының депутаттары елорданың бірқатар өндірістік кәсіпорнына барады.