«Елбасы сабақтары» - Ұлттық Ұландағы жаңа жоба

/uploads/thumbnail/20170913162247464_small.jpg

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында 2017 жылғы оқу жылынан бастап жаңа жоба, жаңа патриоттық іс-шара қолға алынып отыр. Шараның аты - «Елбасы сабақтары» деп аталады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Аталған сабақтар құқықтық тәртіп әскерлерінің республикадағы барлық құрылымдық әскери бөлімдерінде өткізілетін болады. Әскерге рух беруші тәрбиеші офицерлер Отан күзетінде жүрген жауынгерлерге, жалпы әскери ұжымның әр мүшесіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен барша жетістіктері жайлы кең тұрғыда түсіндіріп, тәрбие сағаты ретінде жеткізілетін болады.

Елбасы сабақтары әр түрлі тақырыптарды қамтыған. Мәселен,  «Елбасының Отан жайлы айтқандары», «Елбасының халықтар достығы мен бірлігі жайлы ұлағаттары», «Елбасының отбасы жайлы айтқандары», «Елбасының ел тарихы жайлы айтқандары», «Елбасының ұлттық қауіпсіздік жайлы байламдары» және тағы басқа Президентіміздің аса өзекті толғам-ойлары жауынгерлік ұжым мүшелерінің рухын көтеру мен шыңдауға жолбасшы тәрбие өзегі ретінде алынып отыр.

Жалпы алғанда, тәрбиелік-танымдық сабақтардың басты мақсаты – Отан қорғаушыларды елді сүюге, халыққа, Елбасына қалтқысыз қызмет етуге тәрбиелеу, әскери қызметшілердің қоғамдық-азаматтық өмірге белсенді араласуына септесу, тұлғалар бойында шешендік өнерді дамыту болып табылады.

Ең бірінші сабақ 2017 жылы 13 қыркүйекте Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында тәрбиеші офицерлермен және әскери қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен өткізілген жиын аясында Алматы қаласында өтті. Шымылдық ашар сабақты тақырыбы: «Елбасының тіл туралы және ұлттық код жайлы айтқандары» жайлы болды. Сабақ барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысу мәселелері, еліміздегі үштілділік саясаты мен қазақ тілінің ұлттық коды мен қазақ халқының мәдениетін сақтаудағы айрықша рөлі талқыланды. Сондай-ақ, шара барысында Елбасының мемлекеттік тіл және шет тілдер жайлы айтқан ой-толғамдары басылған бейне-аудио жазбалар тыңдарман назарына ұсынылды.

Сабақты өткізген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Есентайұлы Сүлейменов: «Елбасы халқымыздың арқа сүйер алып тұлғасы, тау тұғыры. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы уақытқа дейінгі атқарып жатқан толағай істеріне баршамыз куәгерміз. Халқын шексіз сүйіп, елінің бір қажетіне жарасам деп тыным таппай жүрген өз ұлтының асыл перзенті, Елбасымыздың арқасында ширек ғасыр уақытының ішінде еліміз жарқын даму жолынан өтті. Кезінде арман болған игі істеріміз жүзеге асып отыр. Қазақ халқы өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең тұрғыда дамып, өркендеп келеді. Бұл елдің маңдайына біткен бақ. Елбасының осы уақытқа дейін айтып келе жатқан ой-толғамдары үлкен тәрбиелік мәнге ие. Өздеріңіз білетіндей, Тұңғыш Президентіміз алуан тақырыптарда әр жиын, кеңестерде, өзінің жазған кітаптарында, мақалаларында үлкен келелі ойлар, елімізді жарқын болашаққа бастар бағдарларды көрсетіп келеді. Мәселен, тіл, шекара, ұлттық қауіпсіздік, ядролық қаруланудың адамзатқа қатері, ұлтаралық достық, Отан, туған жер, ұлт, тағы да көптеген тақырыптарда айтқан ойлары жеке азаматты да, әлде ұжымдарды да тәрбиелеуге пайдаланылар тұнып тұрған қайнар көз. Қысқаша қайырып айтқанда, тәрбиенің қайнары. Міне, біз осыны ескеріп, ендігі кезекте Елбасының сөздерін дәйекке ала отырып, жеке құрамды тәрбиелемекпіз. Елбасының айтқан әр тақырыптағы ойлары бір, бір сағат болып жіктеліп, мамандарымызбен мұрағаттан алынған бейнежазбаларымен дәйектеліп, жеке құрамға ұсынылатын болады», - деп атап өтті.

Связанные Статьи