Бүгін Ұлттық ұланның елорда түбіндегі жедел құрамасында қызмет бабында қайсарлықтың айқын үлгісін көрсеткен 9 әскери қызметшіні құрметтеу кеші өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ұлттық ұлан баспасөзқызметіне сілтеме жасап. Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бұйрығымен сарбаздар «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» және ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» кеуде белгілерімен марапатталды. Аталмыш іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері, өртенген көпқабатты үйдің тұрғындары, өжеттік танытқан сарбаздардың туған-туыстары және 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысты.
- Жедел құраманың жауынгерлері күнделікті қызметімен елордамыздың тыныштығын, азаматтарымыздың қауіпсіздігін күзетіп отыр. Оқыс оқиға, төтенше жағдай кезінде бейбіт тұрғынның өміріне бейжай қарамай, өз бастарын қауіпке тігіп, ерліктің үлгісін көрсетті, міне. Бүгінгі марапаттар – жауынгерлерге берілген лайықты баға деп есептеймін. «Елім деп еңіреген ерің болмаса, ерін қадірлейтін ел қайдан болмақ» демекші, ұландардың қызметін елеп, басшылықтар жэедел түрде бұйрық шығарып, басқа да сарбаздарға үлгі етіп отыр, - дейді Ұлттық ұланның Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасына қарасты Тіл саясаты және ақпараттандыру бөлімінің бастығы подполковник Әлішер Әбдірәсілов. Ол сондай-ақ, батыл да ержүрек азаматтарды тәрбиелеп-өсіргендері үшін сарбаздардың жақындарына алғыс білдірді.
Алғыр азаматтар: әскери жасақ кезекшісі аға лейтенант Жеңіс Құрамысов, патрульдік топ бастығы кіші сержант Бексұлтан Ниязымбетов, әскери жасақ бастығы қатардағы Алмас Қалымтай және патрульдер – Бауыржан Құспанов, Сұраған Серғалиев, Нағашбек Үсенбай, Дәулет Кетеркеев, Ерсұлтан Абдусаматов, Әлкей Құрбанбек Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі», Әскер символикасы белгіленген қолсағаттармен, 5573 әскери бөлім командирінің бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгілерімен және грамоталармен марапатталды.
- Жұбайым жылап хабарласқанда, не істерімді білмедім. Мен келгенше жауынгерлер әйелім мен балаларымды да, мүлкімізді де сақтап қалыпты. Бұрын да естіп жатамыз ғой, Ұлттық ұланның жігіттері адамдарға көмектесіпті деп. Бұл жолы өзім куә болып отырмын. Төніп тұрған қауіптен жанымыздың аман қалғаны алдымен Алланың, сосын осы азаматтардың арқасы. Дер кезінде көмекке келген сарбаздарға да, оларды осылай тәрбиелеген командирлеріне де отбасымыздың атынан үлкен алғыс айтамыз, - дейді отағасы Ш. Еркетай.
Оқиға 21 қыркүйек күні кешкі 19.30 шамасында Астана қаласының Алматы ауданын Кенесары көшесі 51 үйдің 3-қабатында болған. Сол маңда көше тәртібін қадағалап жүрген ұландықтар жедел әрекетімен тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, өртті ауыздықтаған.
Оставить комментарий