Алматыда ұшты-күйлі жоғалып, бірнеше айдан соң өлі денесі табылған 18 жастағы Назерке Әріптің өліміне қатысы бар күдікті ұсталды, дер хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Күдікті Алматы облысы Талғар ауданының 1984 жылғы тұрғыны. Бұл туралы Алматы қаласы ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы, подполковник Жанболат Зиадин мәлімдеді.
«Медеу аудандық Ішкі істер басқармасы әріптестерімен бірігіп қылмыскеріді анықтау, оны ұстау және дәлелдерді жинау үшін жедел іздестіру шаралары басталған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Әрі оның таксиші екені анықталды», – дейді Жанболат Зиадин.
Зиадиннің мәлімдеуінше, жүргізуші қызды алып кетіп, қорлап, кейіннен қылқындырған.
«Қылмысын жасырып қалу мақсатында қыздың денесін зираттың маңына апарыр тастаған. Күдікті кінәсін мойындады. Адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді подполковник.
Айта кетейік, 18 жастағы алматылық Назерке Әріп 10 маусымда сағат 16:00-де үйінен шығып, қайта оралмаған. Тек 6 қыркүйекте қыздың өлі денесі Кеңсайдағы зираттың маңынан табылды.