Алматы қаласының бір топ зиялы қауым өкілдері мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі жайлы өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Мен өзім 1940 жылы туғанмын, туу туралы куәлігімде аты-жөнім латын әліпбиімен жазылған. Оған көшудің саяси, мәдени және тарихи маңызы зор. Бұл – жаңғырудың үлкен бір бастауы, ұлттық құндылығымызды нық бекітетін қадам. Бұл – біздің төл әліпбиіміз», - дейді еңбек ардагері Асылмұрат Тұрғанбеков. ҚР бірінші әнұранының авторы, жазушы Жадыра Дәрібаева да екі немесе үш әріптен бір дыбыс берудің қиын соғатынын, өз бастауымызды сақтай отырып бір дыбыстан бір әріп шығару қажеттігін баса айтты.
Профессор, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова да қоғамда қызу талқыға түскен қазақ тілінің жаңа әліпбиі туралы өз пікірін білдірді. «Елбасымен кездескен ғалымдар А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының дайындаған жобасын ұсынды. Бұдан бұрын ұсынған 25 әріптен тұратын 3 таңбалы әліпби қиындау болып келсе, кейін ұсынған нұсқа ең қолайлы және көпшіліктің ойынан шығады. Ғалым ретінде бұл өзгерісті толығымен қолдаймын», - дейді ол. Еске сала кетсек, 9 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы мүшелерін қабылдады. Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.