Алматыда халық көмір алу үшін ұзын-сонар кезекте тұр (видео)

/uploads/thumbnail/20171024175537601_small.png

Қыстың көзі қырауда. Қазгидрометтің мәліметінше жақында қар жауады. Бұған дейін халық жылыту маусымына қамданып көмір сатып алу қажет. Алайда көмір тапшылығы мен оның қымбаттауы халықты біраз әбігерге салып отыр.

Бұдан біраз уақыт бұрын-ақ ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанның барлық өңірлерінде көмір тапшылығы жоқ екенін айтқан. Алайда көмірдің қымбаттауы мен тапшылығы Алматы өңірінде айқын білініп отыр.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісі көмір жағдайын білу үшін Алматыдағы көмір жеткізетін басты орындардың бірі  «Karazhyra Komir»-ге барып мән-жайды анықтап көрді.

Мекеме ғимаратының алдында көмір күтіп, кезекте тұрған ауыр жүк көлігінен көз тұнады. Кейбірі тіпті түнгі бірден бастап тұр. «Karazhyra Komir»-де көмір алуға келгендерді күзетші өткізіп жатқан жоқ. Қара алтын өтініш білдірген күннен бастап бір аптадан кейін ғана жеткізіледі екен.

Көмірдің бағасы да көңіл көншітпейді. Шұбаркөл – 12 500 теңге болса, ерекше сұранысқа ие Қаражыра көмірі — 14 500 теңге.

Мұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де болды. Мәселен, Астанада көмір тапшылығы айқын білінді.

Қазақстанның бас қалалары Астана мен Алматының өзінде халық көмірді апталап күтіп, кезекке түннен бастап тұрса, басқа облыстардағы жағдай қандай екенін елестетудің өзі қиын.

Күн суытып, қыс жақындағанда халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесінің туындағаны министрлікке сын. Себебі, жылыту маусымы келгенде халықтың көмір іздеп шарқ ұрып, оны тапқан күннің өзінде қалтасына ауыр тиіп отыр.

ҚР Энергетика министрлігінің ұсынған мәліметіне сәйкес, соңғы 9 айда ішкі нарыққа 55,8 млн. тонна көмір жеткізілді. Оның шамамен 78%-ы энергия өндіруші кәсіпорындарға жеткізілген. Ал халыққа және коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке бөлінген көмір мөлшері – 8 млн. тонна.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев көмір бағасы тұрақты, қара алтын тапшылығы мүлде жоқ екенін айтқан. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда биыл көмір өндірісі 13,2%-ға көп екенін де атап өткен.

«2017 жылдың 9 айында 75,3 млн. тонна көмір өндірілді. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда пайызға артық. Ішкі нарыққа 54,7 млн. тонна көмір жеткізілді. Оның 41,1 млн.тоннасы энергия өндіруші кәісіпорындарға жөнелтілді. Экспорт 21,1 млн. тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға көп. Дәл осы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 1 миллионнан астам көмір жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкесінше кезеңдегі деңгейден 26,8%-ға көп», - деді министр.

Цифрлар осылай сөйлегенімен іс жүзінде халық әлі де көмір тапшылығын сезіп, көмір бағасының қымбаттағанын байқап отыр. Жылыту маусымында халық мұндай қиындық көрмеуі тиіс еді. 

Оставить комментарий

Связанные Статьи