Біреу «шамаңды біл» десе, шамданамыз

/uploads/thumbnail/20171025105617017_small.png

Жастар қай уақытта да еркіндігімен, қырағылығымен, тәуекелшілдігімен көзге түскен. Бұл жастықтың басты критерийі болса керек.  Әр дәуірдегі жас адамның портретін салыстырар болсақ, біраз  айырмашылық көреміз: ұлттық мінездің әлсізденуі, не өмірге деген көзқарастың өзгеруі. Аталған қасиеттер өзгеріске ұшырағаны болмаса, барлық жастардың типтік белгісі, табиғаты бір. Абайша айтсақ: жастықта көкірек зор, уайым жоқ. Жастықтың сиқыры болар, қателігіміз өзімізге шындай, жас жігеріміз сарқылмастай көрінеді. Әлімізге қарамай, «Эверестке» ұмтыламыз. Біреу «шамаңды біл» десе, шамданамыз. Жаңа дүниені жарылқап, ескімізді ескермейміз. Кейіпіміз бала болса да, сөзімізді данаға ұқсатқымыз келеді. Білген адамға бұл да бір қызық дәурен.

Тіршіліктің қайнаған базары мына жүрген бізбен тарқап кетпесі хақ. Өмір бізден бұрын да болған, бізден кейін де бола бермек. Тарихтың даңғыл жолын жалғастыратын буынның болғаны, әрине, жақсы. Кейінгі ұрпақ болмаса, алғашқы пайда болған адамның ізі бүгінге жетпес еді. Осы жерде жастардың қоғам үшін ғана емес, тарих үшін де маңызы бар екеніне көзіміз жетеді. Қоғам үшін қандай маңызы болуы мүмкін? Мұның жауабы: жас адам жастығын қандай амалмен, не істеп өткізгеніне байланысты болмақ. Француздың бір данышпаны «Жастық шақ – даналықты меңгеруге, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» деген екен. Жас кезде адам ақылмен де, жалқаулықпен де дос болмақ. Ақылына ерік берсе, қартайғанда еш өкінбейді. Ал, жалқаулығына ерік берсе, «әттеген-айдың» әнін айтады. Не десек те, жастардың қай қалыпта өсіп-өнетіні заманына қарай тартпақ. Мұны мен емес, Абай айтқан: адам баласын замана өсіреді, кімде кім жаман болса, замандасының бәрі виноват. Иә, заманға қарап, бала өсер. Бірақ, қоғамды адамдар құрайтынын ұмытпайық. Қоғам тазаруы үшін адам түзелуі шарт. Қандай заман болмасын, құбыладан адаспау керек. Мысалы, отаршылдық кезінде жарқылдап шыққан Мағжан, Міржақыптар да жас еді. Заманына тартқан жоқ. Ал, бүгінгі тәуелсіз қоғамнан Мағжан, Міржақыптарды таба аламыз ба? Өте қиын сұрақ. Әлде, бар болып, өзіміз байқамай жүрміз бе?! Ол да мүмкін. Кез келген заман өз түлегін қорғайды. Бұл – заңды.

Маржан ӘБІШ

Оставить комментарий

Связанные Статьи