Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдауын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласында Медеу ауданы әкімінің көшпелі қоғамдық қабылдауы болып өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аталмыш шараның негізгі мақсаты – билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табу.
Қоғамдық қабылдауға Медеу ауданының әкімі Ержан Жұматұлы Жылқыбаев, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасы, Алматы қаласы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасы, Медеу аудандық соты, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдері, аудан прокуроры, аудандық жергілікті полиция, төтенше жағдайлар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жұмыспен қамтамасыз ету әлеуметтік бағдарламалар, білім бөлімдерінің басшылары, кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры өкілдері және өзге де аудандық құрылымдар қатысты. Сонымен қатар Медеу ауданы әкімінің қоғамдық қабылдауына Алатау ауданы тұрғындары да қатысып қайтты.
Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев қоластында істейтін жұмыскерлерге кабинетте отыра бермей, халық арасына шығып, көзбен көріп қайту керектігін айтты.
Осы уақытқа дейін 200 мыңға жуық тұрғын әкімдікке түрлі проблемаларын айтып, шағымданған. Көбіне халық жол мен жарықтандыру мәселесіне қатысты айтып келеді екен.
«Жол жабындысын жөндеу өтініші қалалық Жолаущылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жіберілді. Бұл мәселе 2018 жылы өз шешімін табады. Медеу ауданында 120 аула жабдықталды, оған 1,8 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Алатау шағын ауданында 7 аула қалыпқа келтірілді. Әлі мұнда жаңа спорттық алаңдар салынады», - деді Ержан Жылқыбаев.
Айта кетер болсақ, Медеу ауданының әкімі көшпелі жиынды бесінші рет өткізді. Көшпелі жиын өткізілгеннен бері мыңға жуық азамат шағымданып үлгерген. Сауалдардың 90 пайызы шешімін тапты.
Бүгінгі күнге дейін бұл шара «Көк базар» жанында 2 рет және Шухов көшесі бойындағы №2 қалалық емхана, Алматы қаласының Оқушылар сарайы жанында және «Думан» ықшам ауданында ұйымдастырылып нәтижесінде 700-ге жуық тұрғын қабылданды. Көтерілген сұрақтардың 80% астамы коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы, 20% әлеуметтік мәселелерге байланысты. Олардың 65% түсіндіріліп, 35 % оң шешімін тапты.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдауын жүзеге асыру аясында бірқатар мәселелер талқыланды.
Оставить комментарий