Алматы қаласында Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Өнер қырандары» театрының тұрғындар және жастар арасында діни теріс ағымдар идеяларының таралуын болдырмауға бағытталған «Заман-ай 2» қойылымы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда деструктивті діни ағымдардың террористік және экстремистік идеяларының таралуы қоғамда кеңінен белең алып, бүкіл әлем халқы үшін үлкен қауіп төндіруде. Олардың негізгі көздеген мақсаты мемлекеттің қалыптасқан салт-дәстүрі мен құндылықтарын өзгерту және тұрақтылығын бұзу болып табылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, елімізде тұрғындар мен жастардың аталған деструктивті жат ағымдардың арбауына түсуінің және құрбаны болуының алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда.
«Біздің бүгінгі таңдағы мақсатымыз – театрланған қойылым арқылы жастарымыздың бойында теріс діни ағымдарға қарсы сезім, яғни иммунитет қалыптастыру. Бұл қойылым да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы «Өнер қырандары» театр ұжымымен бірлесе отырып «Заман-ай» атты қойылым жасап, көрерменге ұсынған болатынбыз. Сол көрермендердің сұрауы бойынша біз биыл тағы да басқа сценариймен қойылым ұйымдастырып отырмыз. Бұл қойылым екі күн, күніне үш реттен тегін көрсетіледі.
Бұл қойылымға халықты, әсіресе студент жасарды көптеп шақырып отырмыз. Өйткені сценарий, негізінен, сол жастарға арналған», - дейді Алматы қалалық Дін істер жөніндегі басқарманың басшысы Есенбеков Айдар Рақымжанұлы.
Оның айтуынша, мұндай шаралардың қоғамға өте зор ықпал етеді.
«Өмірлік жағдайды сахнаға шығару арқылы, соны сомдау арқылы жастардың жүрегіне жол тауып, теріс ағымдардан аулақ болуға бір септігін тигізеді деп ойлаймын. Сол үшін де бұл істі қолға алдық.
Бүгінгі таңда еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – сол теріс ағым мәселесі. Түрлі түсініксіз діни идеологиялар жастардың санасын жаулап, оларды жаман әрекеттерге итермелейді, мұндай оқиғалар көптеп болып та жатыр. Осындай үлкен және қауіпті дертің алдын алу үшін елімізде, қаламызда кешенді жұмыстар көптеп жүріп жатыр», - дейді Айдар Рақымжанұлы.
Естеріңізге сала кетсек, бұл игі іс-шара 2016 жылы бастау алып, басқарманың қолдауымен «Өнер қырандары» театрының «Заман-ай» қойылымы көпшіліктің назарына ұсынылған болатын. Бұл қойылым – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы маңызды іс-шаралардың бірі болды.
Аталмыш игі іс-шара биыл да өз жалғасын тауып, «Заман-ай 2» атты тақырыптық қойылыммен ұйымдастырылды. Жаңа бағдарламада жастардың интернет, әлеуметтік желілерге тәуелді болуы және дәстүрлі емес жат діни ағымдардың алдын алу және олардан сақтандыру тақырыбында қоғамның руханияты мен тыныштығына кері әсерін тигізетін әлеуметтік мәселелер тақырып етіп алынған театрландырылған қойылымдар орын алды.
Айта кетер болсақ, «Өнер қырандары» театры ұжымының «Заман-ай 2» қойылымы үш бөлімнен тұрады. Үш бөлімде үш түрлі өзекті мәселені қамтыған қойылым бір баланың өмірінде болып жатқан оқиғалары желісі бойынша бір-бірімен жалғасады.
Оставить комментарий