Бұрынғы сотталушыларға көмек көрсететін орталық ашылды

/uploads/thumbnail/20171026111928358_small.jpg

Балқаш қаласында бұрынғы сотталушыларға арналған дағдарыс орталығы ашылды. Бұл Қарағандыдан кейінгі осындай орталықты ашқан Қазақстандағы екінші қала,-деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі «ҚазАқпарат» тілшісіне сүйене отырып жазады. 

Балқаш дағдарыс орталығы бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация есебінде тұратын азаматтарға қызмет көрсетеді. Орталық оларға әлеуметтік қызметтердің барлық түрлері жайында толыққанды ақпарат беріп отырады. Халыққа қызмет көрсету орталығының 12-кабинетінде орналасқан дағдарыс орталығы таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін жұмыс істейді.

«Түрмеде жазасын өтеп шыққан адамдар мемлекеттік қызмет түрлері, әлеуметтік қолдау саласындағы мүмкіндіктер, жұмысқа орналасу мәселелерінде айтарлықтай қиындықтарға кезігеді. Дағдарыс орталығы осы кезде оларға көмекке келіп, осы мәселелерде барынша толыққанды ақпарат алу мүмкіндігін береді. Бұл адамның қоғамға әлеуметтенуіне көп септігін тигізеді», - дейді Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметіндегілер.

Балқашта 175 адам пробациялық есепте тұрады, оның жетеуі рақымшылық бойынша босап шыққандар. Бұдан бөлек, өңірде алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Адамдарға мүмкіндік беріңіз» атты жоба жүзеге асырылуда. Сотталған 4 мың адамның әрбірімен жеке әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламасы жасалып, олардың барлығы түгел іске асырылды. Бұл жоба бойынша қаржылық және басқа да көмектер көрсетіледі. Оған жергілікті бюджеттен 22 миллион теңге қаржы бөлінді.

Связанные Статьи