ЭКСПО ғажайыптар мекені еді,
Қызығы бекерден де бекер еді.
Үш айды үйтіп-бүйтіп өткіздік қой
Шылқып тұр елдің қазір шекелері.
Әу баста қонақ келмей қала ма деп,
Уайымдап жоғары жақтың көкелері.
Ауыл мен аудандардан ел жинатып,
Мәжбүрлеп талай-талай мекемені.
Барсаң да бармасаң да билет ал деп,
Мұғалім, дәрігерді төпеледі.
Негізінде халықты қинамай-ақ
Ағалар былай етсең не етер еді -
Осы үш айда өтіпті 500 концерт
Көбісі салт-санаңа бөтен еді.
Сондағы өнерпаз деп жүргендерің
Шегірткедей секірген шетел еді.
Кеудесін ашқан әртіс әйелдер мен
Жыртылған джинсы киген рэпер еді.
Оларды шақыртпай-ақ айтыс қылсақ
Экспо тіпті қатып кетер еді.
Сол кезде ешкім қинамай ауылдағы ел,
Өздері алып ұшып жетер еді.
Қарапайым халықты мәжбүрлемей,
Билеттер өз еркімен өтер еді.
ЭКСПО-да бір айтыс болмағаны,
Ағайын, қынжылтады өте мені.
Өйткені, бар шетелді таңқалдырар
Қазақтың осы еді ғой жеке өнері.
ЭКСПО беделіңді көтергенмен
Рухыңды ұлттық өнер көтереді.
Жандарбек Бұлғақов