The New York Times газеті Эр-Риядтағы "Ритц Карлтон" қонақ үйінде жемқорлықпен ұсталған саудиялық ханзадалар мен шенеуніктердің жерде жатқан видеосын жариялады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Кадрдан қонақ үйдің кіре берісінде еденде бірнеше адамның ұйықтап жатқанын көруге болады. Пара алды деген күдікпен ұсталған жоғары шенділерге елден шығуға тыйым салынып, шоттағы ақшасы бұғатталды.

Видео дүйсенбі күні таң ертең түсірілген. Оны күзетшілер түсірген болуы мүмкін. Видеодан қара форма киген адамдарды көруге болады. Ал бұрышта автомат тұр.
Журналистер "Ритц Карлтон" қонақ үйіне 16-шы қарашаға дейін тіркелу мүмкін емес екенін анықтаған.

4-ші қарашада Сауд Арабия королі Салман Бен Абдель Азиз Аль Сауд жемқорлықпен күрестің басталғанын хабарлап, Жоғары комитет құруға тапсырма берді. Оны ханзада Мухаммед бен Салман басқарады.
Келесі күні 11 ханзада және 4 министр мен бұрынғы оншақты министр ұсталды. Олардың арасында – корольдің жиені, миллиардер, Жер бетіндегі ең бай адамдардың бірі ханзада аль-Валид, экономика министрі, ханзада Адель Факих, Ұлттық гвардия министрлігі Митаб бен Абдалла бен Абдель Азиз Аль Сауд ханзада және т.б.
АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter парақшасына корольді қолдайтынын жазды. Ұсталғандардың кейбірі жылдар бойы елді тонап келгенін айтады.