Жуырда Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияда «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының өкілдері қатысқан «Үздік отбасы» байқауы өтті.
«Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аталмыш шараға оралдық Жердев, Масанғалиев, Ихсанов, Нұрсұлтанов, Орынов, Аманқұловтардың жанұялары қатысып, бақтарын сынады. Байқауда қазылар алқасының мүшесі болып, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова, «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов, Орал қалалық білім беру бөлімінің маманы Сындар Мұратқызы, «Уральские репортеры» газетінің бас редакторы Сәуле Загидуллина және «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының менеджері Жандос Сұңғатов бекітілді.
- Қайырлы күн, құрметті көрермендер мен байқауға қатысушылар. Облыста «Нұр Отан» партиясының 34978 мүшесі болса, 274 бастауыш партия ұйымы бар. «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек» секілді бірнеше жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара жас ұрпақ үшін зор маңызға ие. Өйткені Отан – шағын мемлекеттен, яғни отбасынан басталады. Отбасының ынтымақ-бірлігі – қоғамның байлығы. Бүгінгі шарада бақтарын сынауға келген барша үміткерлерге сәттілік тілеймін, - деді «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова.
Байқауға қатысушылар бірінші бөлімде отбасыларын таныстырса, екінші бөлімде би билеп, өлең айтып өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беріп, үй тапсырмасын да орындады. Бейнефильм арқылы Жердевтер әулеті спортсүйер отбасы болып танылса, ұлттық нақышта киінген Ихсановтар әулеті ұлттық өнердің ұлықтаушысы ретінде көпшілік қошеметіне ие болды. Ал Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына қатысты салт-дәстүрлерді көрсеткен Масанғалиевтер отбасы мен әдемі әндерімен ерекшеленген Аманқұловтар отбасы ұйымшылдығымен көпке үлгі болды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Масанғалиевтер отбасы жеңіп алса, екінші орын Аманқұловтарға, үшінші орын Орыновтарға бұйырды.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы