«Өмір сүр, сәби!» акциясына шамамен 100-ге жуық адам қатысты

/uploads/thumbnail/20171109181350862_small.jpg

Жуырда Орал шаһарындағы «Сити центр» орталығының төртінші қабатында «Аялаған алақан» қоғамдық  қорының  ұйымдастыруымен  «Өмір сүр, сәби!» атты  акция өтті. Акция шеңберінде еріктілер тобы шала туған  және  анасы  бас тартқан  сәбилерге жүннен қолғап, шұлық, кеудешелер тоқыды.

 «Аялаған алақан» қоғамдық қорының жетекшісі Рада Хайрушеваның айтуынша, акцияға қала тұрғындары мен қонақтары белсенді түрде қатысқан.

  • Бірі тоқыма жібін әкеліп, енді бірі сәбиге арналған киімдер мен ойыншықтар әкеліп жатты. Еріктілер тобы үш сағаттың ішінде сәбилерге арналған бірнеше шұлықтар, бас киім, кеудешелер тоқыды. Бұл тоқыма бұйымдар әсіресе, шала туылған бөбектердің дамуына өте пайдалы. Өйткені бұрынғы кезде ата-әжелеріміз шала туылған нәрестені тымақтың ішіне салып, көзге елеусіздеу тұрған есіктің жақтауына іліп қоятын болған екен. , - дейді ол.

«Өмір сүр, сәби!» акциясына шамамен 100-ге жуық адам қатысты. Аялы алақандардың жылуы сіңген сәбиге арналған заттар кейіннен перинаталды орталық пен бөбектер үйіндегі сәбилерге табысталмақ.

  • Қаламызда  қайырымды жандар өте көп. Сәбилерді  қорғау  бағытындағы ұсыныстарымызды қабыл алған  Руслан Ғабдуллин, Деннис Володинға, «Сити центрдің» Play, Happy kids, Daniel бутиктерінің иелеріне және ылғи өзгелерге көмек көрсетуге дайын тұратын біздің командаға айтар  алғысымыз шексіз. Сонымен қатар «Бөбектер үйінде» 24 сәбидің  өз ата-анасын күтіп жүргенін қайырымды жандардың қаперіне салғым келеді. Біздің қаламызда жүрегі мейірімге толы кәсіпкерлер, қолындағысын қиналған жанға бөліп бергісі келіп тұратын қарапайым адамдар, қоғамдағы түйткілді мәселеге сергек қарайтын қоғамдық бірлестіктер аз емес. Мені осындай мейірімді жандардың көп болғаны қуантады,  - дейді Рада Хайрушева.

«Аялаған алақан» қоғамдық қоры  бірнеше мәрте мүмкіндігі шектеулі балғындарға арнап  концерт берген болатын.

 

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Связанные Статьи