Орынбасар әкім Оспанқұлов "Жүрек жылуы" фестиваліне қатысты

/uploads/thumbnail/20171109181938588_small.jpg

Жуырда Батыс Қазақстан облысындағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қайырымдылық айлығы аясында «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандардың XX  облыстық шығармашылық фестивалі өтті.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға шығармашылық әлеуетін дамытуға және өз өнерін көрсетуге жәрдемдесу, олардың қоғамға етене араласуына, тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған облыстық фестивальға аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары қатысты. Тағдыр сынына мойымаған қайсар жандар эстрадалық вокал, көркем сөз оқу және көрме жұмысы аталымдары бойынша сынға түсті.

Салтанатты шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов мүмкіндігі шектеулі жандарға өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасайтын осындай шаралардың маңызы зор екенін айтты.

Мемлекет Конституцияға сай әлеумет пен әлеуметтік салаға бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан көптеп көңіл бөліп келеді. Біздің облыста он әлеуметтік жоба ұсынылса, жалпы құны төрт млн теңге құрайтын екі жоба нақты қолдау тапты, - дей келе Ғабидолла Абдоллаұлы қолөнер шеберлерінің жұмысына жоғары баға берді.

-Жыл санап байқаудың ауқымы кеңейіп келеді. Жалпы өңірімізде 800-ден астам мүмкіндігі шектеулі адам шығармашылықпен айналысады. Қайырымдылық айлығымен орайласқан шығармашылық фестивалі биыл да талантты жандардың талабын ұштап, өмірге деген құлшынысын арттыруға жәрдемдесті деп сенемін, -дейді «БҚО мүгедектері ерікті қоғамының» төрағасы Жұмажан Қожжанов. 

Байқау қорытындысы бойынша «Эстрадалық вокал» аталымында Орал қаласының тұрғыны Ерлан Әбдрахманов үздік орындаушы атанды. «Көркем сөз оқу» аталымы бойынша қаратөбелік Айнара Сарбасова бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Зеленов ауданынан келген Михаил Старинецтің қолөнер туындылары «Көрме жұмысы» аталымында үздік деп танылды. Барлық қатысушылар алғыс хатпен марапатталса, байқау жеңімпаздарына диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Связанные Статьи