Түркі жазбалары тарихтан сыр шертеді

/uploads/thumbnail/20171110122856840_small.jpg

Тараз қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Түркі жазбалары мен мәдениеті күндері» атап өтілді. Шара аясында Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Қазақ хандығы мен түркілердің рухани мәдениеті: тіл және тарих»  атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынды Тараз инновациялық-гу­ма­ни­тарлық университетінің ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Ерболат Саурықов жүргізіп отырды. Конференцияда Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Әзербайжан мен Қыр­ғызстаннан келген танымал ғалым­дар түркі жазбаларының тарихын зер­де­леді, түркі жазбаларына қатысты зерт­теу нәтижелерін ортаға салып, пікір алмасты.
Конференция Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Тіл саясатын талдау және мониторинг басқармасының басшысы Толқын Исақованың құттықтау сөзімен ашылды. Ол түркі жазбалары мен мәдениеті күндерінің мән-маңызына тоқталып, бұл орайда Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан атқарылып отырған іс-шаралар жайында айтты.
Шараға еліміздің түркітанушы ғалымдары Қ.Ергөбек, Р.Досжан, Н.Базылхан, Қ.Молғаждаров және т.б. зерттеушілермен қатар Қырғыз­стан Республикасы ұлттық ғылым акаде­мия­сының профессоры И.Абдува­лиев, Әзербайжан ұлттық ғылым ака­демия­сының профессоры Т.Шахбазов, К.Қа­расаев атындағы Бішкек гумани­тарлық университетінің профессоры Т.Садықов, т.б. қатысып баяндама жасады. Мәселен, профессор Т.Садықов «Түркиядағы тіл саясатының сабақтары» атты баяндамасында Түркия Республикасындағы латын әліпбиі реформасының нәти­желеріне тоқталса, Әзербайжан ұлт­тық ғылым академиясының профессоры Т.Шахбазов Әзербай­жан мен Қазақстанның жалпы түркі мә­дение­тіндегі сабақтастығын, тарихы мен қазіргі уақыттағы рөлін салыс­тыра отырып, талдау жасады. Ғалым Р.Қоңырбаева «Кодекс куманикус» көне түркі жазба ескерткішіндегі сөздердің грамматикалық өзгешеліктері жөнінде келелі әңгіме қозғады.
Тасқа қашалып жазылған көне түркі жазбаларындағы сөздердің келер ұрпаққа берер үгіт-насихаты мол екені сөзсіз. Бұл орайда түркі жазу мәдениетін жас ұрпақтың санасына сіңіріп қана қоймай, осы жазбалардың маңыздылығы мен қажеттілігін көрсете отырып, Отанға деген патриоттық сезімді насихаттап, ана тіліне деген құрметті арттыру қашанда маңызды. Түркі жазулары – тек қана қазақ халқы үшін ғана емес, барлық түркі тілдес халықтар үшін маңызды тақырып екені сөзсіз. Профессорлар мен ғалымдар конференция барысында өз ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, жас ғалымдар үшін тәжірибе мектебі болғаны анық. Аталмыш іс-шара қазақ халқы мен түркі тілдес халықтар арасындағы ынтымақтастықтың нығаюының алтын көпірі іспеттес.
Конференция қонақтары шара аясында тарихтан сыр шертетін «Айша бибі» кесенесін, «Қарахан», «Тектұрмас» сияқты тарихи орындармен танысып, жергілікті өнерпаздардың ұйым­дастыруымен өткен концертті тамашалады.

Әсемгүл Жұмағұлова,
Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық 
үйлестіру-әдістемелік орталығының PhD докторы

Связанные Статьи