Әлемнің танымал Гарвард және Оксфорд университеттері Айшолпан Нұрғаеваны «Бүркітші қыз» фильмі шыққаннан кейін оқуға шақырған, — деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып.
Қазір Айшолпан Баян-Өлгий аймағындағы орта мектептің 11 сыныбында оқиды. Осыдан біраз уақыт бұрын Азияның беделді "Asia Game Changer Awards 2017" марапатын жеңіп алды.
Жақында бүркітші қызды Моңғолия премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух қабылдады. Премьер министрлер кабинеті атынан мектеп оқушысын құттықтап, қыздың ата-анасына алғыс білдірді.
«"Бүркітші қыз" – керемет фильм. Сіз әйелге тән ерлік, батылдық пен табандылықты көрсетіп, халықаралық аренада Моңғолияның атын шығардыңыз", — деді Хурэлсух.
Айшолпан премьер-министрге дәрігер болуды армандайтынын айтты.
"Кинода ойнаған көңілді болса да,, мен әлі де дәрігер болғым келеді", — деді бүркітші қыз. Сондай-ақ, Айшолпан туған жері Моңғолияның дамуына өз үлесін қосқысы келетінін де айтты.