Алматыдағы Ғылым ордасында ҚР Ұлттық инженерлік академиясы 2016-2017 жылдары атқарған жұмыс қорытындысын жасап, «Жылдың үздік инженері» байқауының жеңімпаздарын жариялады.
Бүгін Алматыда Ұлттық инженерлік академиясының жалпы сессиясы өтіп, 2016-2017 жылдары атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ, сессия отырысында инженер мамандығын насихаттау, мамандық иелерінің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «2017 жылдың үздік инженері» байқауы қорытындыланды. Жиында баяндама жасаған ҚР Ұлттық инженерлік академиясы президенті Бақытжан Жұмағұлов Астанада өткен «EXPO-2017» халықаралық көрменің маңыздылығына тоқталды.
«ЭКСПО-2017 көрмесі әлемдік энергия жүйесінің дамуына, әрі жаһандық энергетиканың тұрақты дамуына айрықша серпін берді. Елімізде шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жанданды.Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 2 есе артты», - деді ол.
Бақытжан Жұмағұлов баяндамасында ғылыми ізденістердің табыс табуын қамтамасыз ететін инженерлік технологиялар офисін құру қажеттігін айтты.
«Қазіргі уақыттта Қазақстанда ғылыми ізденістерді коммерциялау жұмыстары ұйымдастырылып жатыр, оған лайық заңнамалық база да қабылданды. Сондықтан Ұлттық инженерлік академия осы жұмысқа белсенді араласып, өз құрылымынан инженерлік технология офисін ашу қажет»,- деді Б. Жұмағұлов.
Бақытжан Жұмағұлов баяндамасында өнертапқыштарға қолдау көрсету керек екенін баса назар аударды.
«Біздің академияның басты бағыттарының бірі өнертапқыштарға қолдау көрсету болуы керек. Сондықтан, біз «Жылдың үздік инженері» байқауын ұйымдастырдық. Бізде өнертапқыштардың жұмысына қолдау жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырып, қызықты форумдар өткізу, бизнес қауымдастықпен қарым-қатынас орнату мәселесін қарастырудамыз»,- деді ғалым. Сонымен, академия өткізген «Жылдың үздік инженері» байқау қорытындысы бойынша, «First International Oil Corparation LTD» мұнай компаниясының вице-президенті Нысанбай Қуантаев, ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институты Қатты денелер физикалық зертханасының меңгерушісі Артем Козловский, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ның бас конструкторы Александр Адылин, «Геомарк» ғылыми инженерлік орталығы» ЖШС бас инженері Сергей Асаинов, «Ғалам» ЖШС-нің бөлім басшысы Арман Бекембаев, «Универсал» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Закіржан Кузиев, «Алатай жарық компаниясы» АҚ директоры Алтай Әбдірахманов, «КазФосфат» ЖШС-нің Жамбыл облысы бойынша филал басшысы Леонид Франгулиди, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов, «Қаражамбасмұнай» АҚ-ның бұрғылау бойынша геологы Айдын Қожаш «Жылдың үздік инженері» атанды.
Сондай-ақ, бүгінгі сессия жиналысында бірқатар маманға «Құрметті инженер» дипломы табыс етілді. Құрметке лайық болған «Казфосфат» басқарма басшысы Мақсұтбек Есенов жас маман дайындау мәселесінде нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бүгінгі марапатты менің еңбегім мен «КазФосфат» ұжымының еңбегін бағалау деп білемін. Біздің компания химия саласында Қазақстандағы алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі. Сонымен қатар, біз инженер мамандарды дайындауға да өз үлесімізді қосып келеміз. Еліміздегі техникалық жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер бізде тәжірибеден өтеді. Мысалы, соңғы екі жылда 4 мың студент бізден тағылымдамадан өтіп, өндіріске араласты», - деді «Казфосфат» басқарма басшысы Мақсұтбек Есенов.