Алматыда бірқатар көшелердің атаулары қазақтың рухты батырлары мен белді тұлғаларының есімімен ауысатыны жайлы хабарлағанбыз. Ендігі жерде Кенесары хан мен Алаш арыстары бастаған Жұмекен Нәжімеденов, Ақселеу Сейдімбек, Әзілхан Нұршайықов, Герольд Бельгер, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әмина Өмірзақова, Ермек Серкебаев, Хадиша Бөкеева, Мақаш Тәтімов, т.б. ұлт зиялыларының есімдері Алматы көшелерін рухтандырып тұратын болады.
Ал өзбекстандық vesti.uz порталы қазақтың ең соңғы ханы болған Кенесары ханның атын Алматы көшелерінің біріне беру – нағыз бассыздық дейді. Себебі, Кенесары ұлт сатқыны, бандит болған екен.
Vesti.uz сайтының мәліметінше, Кенесары хан 19 ғасырда Ресейде адам ұрлап, оларды Ташкент, Бұхар, Қоқан базарларына құлдыққа сатқан. Ал қазақ жүздері Ресейге қосылған соң оның «кәсібіне» нүкте қойылған. Ресей полковнигінің погонын алған соң сатқындық жолын жалғастырып, ұрлау, тонау, өлтіру сынды әрекеттерге барған. Сөйтіп жүргенде қырғыз манаптарының қолына түседі. Қырғыз манаптары Кенесарының отбасынан бастап, өзінің де дене мүшелерін бөлшектеп, басын кесіп алған. Кесілген басын Омсктегі отырыста Батыс Сібір губернаторы Горчаковқа сый ретінде табыстады. Ал бандиттің қабірі мен бас сүйегі әлі күнге дейін табылмады. Бүгінде сатқын мен бандитті қазақ билігі «еркіндік үшін күрескен батыр» деп бағалап отыр.
Өзбекстандық ақпарат құралдары жазған мақала мазмұны осындай. Әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837 – 1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары жайлы жоғарыдағыдай топшылады.