Концерттен түйін: «Алашұлы» — Қазақ елінің маңдайалды өнер тобы!!!

/uploads/thumbnail/20171117173619655_small.jpg

Алматы қаласы Республика сарайында «Алашұлы» тобының халыққа рухани азық пен рух, жігер сыйлаған «Бізбен бірге» атты жеке концерті өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Аталған кеште «ұлылар» өз өнерін көрсетіп, халыққа сөзбен айтып жеткізе алмайтын рухты сыйлап, көрермендердің делебесін қоздырды. Қазақтың атын халықаралық деңгейге танытып жүрген «Ұлытау» тобы, Ұлы даланың баласы Төреғали Төрәлі және этно-фальклорлық «Тұран» тобымен Алашұлы қосылып өнер көрсеткен кездегі көрермендердің ыстық ықыласын, сезімін жеткізу тіпті мүмкін емес. Алашұлымен бірге қосылып ән шырқаған көрермен  3 сағатқа созылған концерттің қалай аяқталғанын да байқамай қалды. Сонымен бірге осыдан біраз уақыт бұрын жеке шығармашылығын шыңдау үшін топтан кеткен Ұшқын Жамалбек пен жаңа құрамдағы Алашұлы тобы қазақ өнерінің қара шаңырағында «Қара шаңырақ» әнін бірге шырқады. Көремендерге бірнеше сағаттық емес, бірнеше айлық энергия сыйлай білген ұлы қазақтың ұлдары жанкүйерімен қимай қоштасты. Жанкүйерлер де концерттен бірден кете қоймады. Дәл осындай рухты кешті аңсап, сағынып жүрген көрермен концерт соңында Алаштың ұлдарын қимай, тағы да ән сұрады. Нағыз өнер, нағыз ән, нағыз әншілер дәл осындай болмақ.

Халықтың жанды дауыстағы концерт пен қазақтың күмбірлеген қара домбырасын сағынып, аңсағандары байқалып тұрды. Қазіргі XXI ғасырда  жасанды мен табиғи, есті мен есер әнді ажырата алмай жатқан кезде «Алаш», — деп, «Қазақ», — деп ұрандатқан, қазақ үшін аянбай еңбек етіп жүрген өнерлілерге біз қатты зәруміз. Ұлттық идеология туралы тек айтып қана қоймай, көрсете де білу керек. Кейінгі буынды осындай кештерге жиі апаратын болсақ болашақ ұрпақтың да жүрегі қазақ деп соғып, Алаш деп ұрандатар еді. Концертте кішкентай балалардың Алаш деп айтқанын көргенде болашағымыздың жарқын болатынына сеніп, үмітіміз ұлғая түскен. Кезіндегі Әлихандар мен Ахметтер Алаш деп ұрандатар күнді аңсап, армандап кетті емес пе? Біз – осындай кештің куәсі болғандар мен рухты кешті өткізгендер бақытты қазақпыз. Тек осы бақытымызды, бағымызды қадірлеп, бағалай білсек болғаны. Шетелдің ұсақ-түйек, қоқысына қызығып, еліктемей, өзіміздің құнды байлығымызды дәріптеп, қолдасақ қана байлығымызды еселеп көбейте аламыз.

Рухани азық пен рухты сезіндіре білген Алаштың нар ұлдары жас болса да өз замандастарының алды екенін көрсетіп қана қоймай дәлелдей білді. Көрермендердің кештен алған әсері мен сезімін сөзбен жеткізу тіптен мүмкін емес. Тек осындай кештің куәгері болып қана рухты, энергияны сезініп, біле аласыз. 

Әсел Болатқызы

Связанные Статьи