Иә, кез келген адамның өзіндік ақиқаты бар. Алайда көпшілігіміз өзіміздің жанымызды жаралайтын ақиқатты қабылдамай, оған қатысты себеп тауып алатынымыз да бар. Ақиқатты дәл сол қалпында қабылдау көпшілігіміздің қолымыздан келе бермейді. Өмірдегі кей қиындықты жеңілдететін, жүйкені тыныштандыратын ақиқаттың тізімін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.
Негізінен танысыңыздың немесе жаныңызға жақын деп санаған жанның хабарламаңызға жауап бере алмайтындай қолы бос болмауы мүмкін емес. Ол адам сіздің хабарламаңызға саналы түрде жауап бергісі келмегендіктен, сізге жауап жазбайды. Осы ақиқатты «қолы бос болмады», «ұмытып кеткен шығар», — деген сылтау арқылы бұрмалаудың пайдасы жоқ. Иә ол сіз үшін ерекше адам болуы мүмкін, алайда сіз «ол адам үшін кіммін?», — деп өз-өзіңізге сұрақ қойып көрдіңіз бе? Егер ол сізді ерекше адам деп есептесе, жақын адам деп санаса кез келген жағдайда «қолым бос емес, кейінірек хабарласам», — деп болса да жауап жазатын еді. Кім туралы айтып отырғанымды сезіп, ойлап тұрсыз ғой, иә? Иә, дәл сол адам туралы айтып отырмын.
Кез келген адам өзімшіл емеспін десе де, ең алдымен өзін ойлайды. Әрбір адам өзімшіл екенін сыртқа көрсетпейді, әрине. Алайда кез келген жан бейсаналы түрде өзінің қамын ойлайды. Бұл – өте дұрыс шешім, орынды көзқарас. Себебі егер сіз өзіңізді ойлай алмасаңыз, сізді ешкім ойламайды. Ең алдымен өз жұмысыңызды аяқтаңыз, кейін өзгелерге көмектесіңіз. Сонымен бірге өзгелерге «жоқ», — деп айтуды үйреніңіз. Себебі бұл табысқа жеткендердің ең басты ұстанымы. Сіз өзгелерге «жоқ», — деп айта алмайтын болсаңыз, сіздің табысқа жетуіңіз екі талай. Мен өзгелерге «көмектеспе», — деп отырған жоқпын. Көмектесіңіз, себебі өмір – бумеранг. Алайда өзіңізге көмектессеңіз ғана өзгелерге қол ұшын соза аласыз. Мысалы сіз өз-өзіңізге іштей және сырттай көмек көрсетіп, табысты кәсіпкерге немесе қызметкерге айналсаңыз, өзгелерге көмектесуіңіз жеңілірек әрі көбірек болады. Сонымен бірге сізді пайдаланатын адамдар да болады. Осыны да естен шығармаңыз. Көмек көрсетіңіз, бірақ үнемі емес.
Сіз ешқашан барлық адамға ұнай алмайсыз. Бұл – ақиқат. Қай кезде де сіздің өміріңізге араласып, керек емес жерге өзінің орынсыз пікірінін сын ретінде тықпалап отыратындар табылады. Сондықтан көпшіліктің пікіріне мән бермеңіз. Өзіңіз дұрыс деп есептейтін жолды таңдаңыз, ішкі түйсігіңізге сеніңіз. Нақты айтқанда, жүрек қалауыңызды орындаңыз, себебі жүрегіңіз сізді ешқашан алдамайды.
Қоғам, үкімет, ата-ана, жалпы айтқанда әлем сіздің жамауыңызды жамауға міндетті емес. Сіз өзгелерге көмек көрсетуіңіз мүмкін. Бірақ өзіңіз үшін. Сіз көмектескен адам келесіде сізге қол ұшын созуға міндетті емес. Үкімет сізге жұмыс тауып беруге, үй салып беруге міндетті емес. Барлығын өз күшіңізбен жасауыңыз керек. Себебі құрбандықсыз, тәуекелсіз ештеңеге қол жеткізе алмайсыз.
Сіздің өміріңізді сізден басқа ешкім өзгерте алмайды. Сіз өз өміріңізді жақсы жағына қарай өзгертесіз немесе өзіңізді құрдымға тастай саласыз. Өмірді өзгерту ешқашан кеш емес екенін жадыңызда сақтаңыз. Сіз өз өміріңіздің қожасысыз. Егер сіз қандайда бір жетістікті қатты қалап, талпынсаңыз, міндетті түрде қол жеткізесіз. Мүмкін емес дүние жоқ, бұл өмірде бәрі мүмкін.
Тізімдегі ережелерді күнділікті таңертеңгісін ояна сала оқып жүріңіз. Сонда сіз жетістікке жетесіз. Сеніңіз... Үміттеніңіз... Армандаңыз... Армандар орындалады!
Оставить комментарий