Тұңғыш Президент күні елімізде соңғы бірер жылдың көлемінде пайда болған айрықша мерекелердің бірі. Айрықша болғанда қалай, нағыз мәні мен маңызы өте қастерлі де құрметті мерекенің бірі.
Әр елді өзінің арасынан жарып шыққан көсемі, ұлығы басқарады. Қазақ қазақ болып жаратылғалы бері бүгінгідей жасампаз күйге еніп, жер жаһанға танылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнағаны, ең алдымен Тәуелсіздіктің және сол егемендікті баянды қыла білген Тұңғыш Президентіміз Нүрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы екені аян. Сондықтан да қай салада болса да Елбасымыздың жасампаз іздері сайрап жатыр. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қазақ үшін қамданып, қыр өткелдің үстінде «жаным елім үшін садаға» деп қадам басқан ел асылы – Елбасының әр ісіне құрмет білдіретін күн бұл. Осы күні сонымен қатар, ел игілігі үшін де талай игі істер парасы атқарылып жататындығын да көріп жүрміз. Мәселен, Тұңғыш Президент күніне орай кең байтақ елдің әр өңірінде мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үй сынды әлеуметтік нысандар беріліп келеді. Бұл өте игі дәстүр. Лайым ол жылдардан жылға жалғаса берсін.
Биыл Тұңғыш Президент күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында да қуанышты шара өтіп, 65 әскери қызметші отбасы қоныс тойларын тойлады. Атап айтқанда, Алматы қаласы Жұбанов көшесі 10 А мекенжайында өңірлік қолбасшылықтың қызметтік жатақханасы бар болатын. Салынғанына жарты ғасырдан уақыт еткен баспана кейінгі уақыттары тіпті тозып, кәріз құбырлары жарылып, жылдам арада жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған болатын. Оның да сәті биыл түсіп, республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, жыл бойында қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Енді міне, әскери қызметшілер игілігіне берілер сәт те келді.
Қоныс тойы шарасын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов мырза өзі ашып, ізгі тілек, құттықтауын білдірді.
- Құрметті әріптестер, Елбасының салиқалы саясатының арқасындаеліміз тоқсаныншы жылдардың толқынды-толқынды ауыр кезеңдерінде етең-жеңін жинап, дамудың даңғыл жолына түсе алды. Заман өзгерді, ел түледі, Қазақ елі көркейді. Мұның барлығы да әрине, оңай келген жоқ. Ұлтты ортақ игілікке ұйыту, ел бірлігін сақтау, тыныштықты қамдау, өндірістегі өркенді істерге жол ашудың барлығы да елін сүйе білген, елдікті бекемдей білген Ұлт көшбасшысының ерен еңбегінің жемісі. Бүгін міне, Тұңғыш Президент күніне орай тұрғын үй кезегінде тұрған әскери қызметшілерімізге қызметтік баспана беріп отырмыз. Бұл да игілік. Тәуелсіздік игілігі, Елбасының елімізді жасампаздықпен алға бастаған өркенді істерінің игілігі. Қоныстарыңыз құтты болсын, - деп атап өтті.
Шарада өңірлік қолбасшылықтың Алматы гарнизонындағы 5571, 7552, 3660 әскери бөлімдерінде және өңірлік басқармада қызмет атқаратын бас-аяғы 65 әскери отбасына қызметтік жатақханадағы баспана кілттері салтанатты түрде табыс етілді.

Өз кезегінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары подполковник Нариман Копеев: «Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға баса мен беру, оларды тұрғын үймен қамту - бұл мемлекеттік маңыздағы стратегиялық міндеттердің бірі болып табылады. Бұл мәселеге Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы ұдайы баса назар аударып келеді. Бұл мақсатта жыл сайын қомақты қаражат қарастырылып, жаңа пәтерлер сатылып алынуда. Биылғы аталған қызметтік жатақхана толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғын үйдің барлық қажетті жүйелері жаңартылды», - деп атап өтті.

Құрылысты үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап «Алвис» ЖШС жүргізген болатын. Шара барысында аталған құрылыс компаниясының басшысы Нариман Беляловқа Алғыс жарияланды. Шара соңында генарал-майор Қайрат Ақтанов су жаңа баспананың шымылдықашар лентасын қиды. Соңынан өзі әр баспанаға кіріп, танысып шықты. Заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткізіліп, шатыры, кәріз, жылыту жүйелері толықтай жаңарылып, іші-сырты толықтай жөнделген, ауласы абаттандырылып, балаларға ойын ауласы жасалған қызметтік баспанадан бөлме алушылар өз қуаныштарын жасарымады. Ізгі тілектерін білдіріп жатты. Қуаныш көбейсін!
Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,
Алматы қаласы