Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің акт залында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай мерекелік іс-шара өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Мерекелік концертке әнші, сазгер Марат Омаров, жазушы, Дидахмет Әшімханұлы атындағы әдеби бірлестіктің төрағасы Нұрдәулет Ақыш және тағы басқа қонақтар қатысты. Кеш Марат Омаровтың «Ару қала – Астана» әнімен ашылды. Әнші бұл әнді қызы Бибімарияммен бірге орындады. Бүкіл Қазақстанға танымал өнер қайраткеріне студенттер ду қол шапалақтап қошемет көрсетті.

Марат Омаров тек ән айтумен шектелмей, колледж басшылығына, оның директоры Гүлфайруз Қасымоваға осындай кеш ұйымдастырып жатқаны үшін алғыс айтып, ақжарма тілек арнады. «Гүлфайруз Қабденқызы талай мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүрген кісі. Астана қаласы енді аяғынан енді тұрып жатқан шақта, сол қаланың мәдени жұмыстарына мұрындық болып, қанша іргелі жұмыстар атқарды. Міне, енді осы кісінің арқасында игі жұмыстар Алматыда жалғасын тауып отыр. Гүлфайруз ханым еліміздің рухани жаңғыруына он бес-жиырма жылдан бері қызмет етіп келеді» деді ол.
Бұл мерекелік іс-шараның басты ерекшелігі – оны аталған оқу орнының жас мамандары ұйымдастырды. Мысалы, концертті колледж оқытушылары Айнұр Тасубаева мен Айдар Күнтубай жүргізсе, басқа оқытушылар Елбасының мақаласына орай өздерінің баяндамаларын оқыды, жас мамандардың бір тобы сахнада ән айтып, би биледі.

Кеш барысында сөз алған жазушы, Дидахмет Әшімханұлы атындағы әдеби бірлестіктің төрағасы Нұрдәулет Ақыш рухани жаңғыруда кітап оқудың пайдасы зор екені туралы айтты. «Кітап оқу бізді рухани байытатын негізгі құрал. Себебі кітап бізді бабаламыз қалдырып кеткен мұралармен сабақтастырады. Сондықтан, жастарды әркез кітап оқуға баулуымыз керек» деді жазушы.
Мерекелік іс-шараны Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Гүлфайруз Қасымова қорытындылады. Ол кешке қатысқан барлық қонақтарға алғысын білдіріп, оларға оқу орнының атынан аздаған тарту-таралғы жасады.
Жасұлан Наурызәлиев