Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Біріккен қалалар және жергілікті биліктің» Еуразиялық бөлімінің бас хатшысы Расих Сагитовпен кездесті. Тараптар жергілікті биліктің халықаралық деңгейдегі өзара қарым- қатынасы, қалаларлың дамуына урбанизация мен жаһанданудың ықпалы мәселелерін, ұйым қызметінің басты бағыттарын талқылады.
Мегаполис әкімі Алматының бүгінгі таңда түрлі халықаралық ұйымдармен бірігіп жұмыс істеуге ерекше назар аударатынын атап өтті. Мысалы, алғаш рет өңірде, қалада «Еуразияның ЭЫДҰ-ның апталығы» өтті, ЮНЕСКО аясында Алматының 1000 жылдығы мерекеленді, БҰҰ-ның 14 офисі жұмыс істейді, Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік хабын ашу жоспарланған.
Расих Сагитов жаһанданудың өріс алуы барысында жергілікті органдарды халықаралық аренда қолдау арқасында қала мен тұрғындарға қатысты маңызды мәселелердің шешімін табатынын атап өтті.
«Біздің ұйымымыз жергілікті билікке халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жақсартуға, қалалардың оң имиджін қалыптастыруға, олардың инвестициялық және туристік тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді», - деді Р.Сагитов.
Біріккен қалалар және жергілікті билік – коммерциялық ұйым емес, оған әлемнің 60 елінің жергілікті билік ассоциациялары мен барлық континенттің мыңдаған қалалары мүше. Штаб - пәтері Қазан қаласында орналасқан Еуразиялық бөлімге Қазақстанның Астана, Ақтау және Семей қалалары енген.
Айта кетер болсақ, Ұйым 1993 жылы құрылып, екі жылдан кейін осы ұйымның шешімімен 8 қыркүйек әлемдік қалалар күні болып бекітілген болатын. Бүкіләлемдік мұралар қалаларының конференциялары Түркияның Стамбул, Сафранболу, Қытайдың Лицзянь, Индонезияның Суракартра және Татарстанның Қазан қаласында екі рет өткізілген. 2014 жылы Ақтау қаласы Ұйымның (БМҚҰ/ОГВН) бақылаушысы болып белгіленген болатын.
Мұндай халықаралық беделді ұйымға Қазақстан қалаларынан мүшелікке енген Ақтау тұңғыш әрі жалғыз қала болды. Ал 2013 жылдың қараша айында Мексикада өткен ұйымның кезекті бас қосуында Еуразиялық бөлімінің бастамасы бойынша 2014 жылы Ақтау қаласында 100-ден аса дүниежүзі қалалары мэрлерінің қатысуымен «Еуразия қалаларының әлемдік мұрасы» VII Халықаралық конференциясының өткізілуі мақұлданған еді.