Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, Әнұранын ойнататын, Байрағын желбірететін сала – спорт. Тәуелсіздік тұсында барлық спорт түрлерінен федерациялар құрылып, олимпиада бағдарламасына кірген спорттық жекпе-жек түрлері конфедерацияға біріккен болатын. Мақсат – егемен елдің барлық аймағын қамтып, өңірлердегі саңлақтарға орталықтағы спортшылармен теңдей дәрежеде мүмкіндік беру. Осы тұрғыда Қазақстанның барлық облыстары, Алматы, Астана қалалары арасында ҚР Конфедерация кубогы өткізіліп тұрады.
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 2-3 желтоқсан күндері дзюдо, бокс, еркін және грек-рим күресі, таэквондо, қазақ күресі спорт түрлерінен Конфедерация Кубогының ақтық бәсекелері өтті.
Алматыда Конфедерация Кубогы екінші рет ұйымдастырылды.
Алматы құрамасы таэквондодан ақтық кездесуге Алматы облысының шеберлерімен шықты. Шешуші жекпе-жекте 30 ұпай айырмасымен алматылық таеквондошылар басым түсіп, Конфедерация кубогының иегері атанды.
– Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары бізден басым түскен болатын, алайда, осы жылы біз жетіп, еңбегіміз ақталды. Дайындық жақсы өтті, бапкелеріміз бен ұжымдағы ауызбіршіліктің арқасында үздік атандық. Қуанышымызда шек жоқ, бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерімізге алғысымызды білдіреміз, – дейді Алматы құрамасының таэквондошысы Сержан Бауыржанұлы.
Бокстан айқын басымдықпен Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары маңғыстаулықтарды жеңіп, Конфедерация кубогының иегері атанса, грек-рим және еркін күрестен Алматы облысының толағайлары жеңіс тұғырынан көрінді.
Осы жылы Қазақ күресі балуандары Конфедерация кубогында алғаш рет жарыс жолына шықты. Ақтық бәсекеде Алматы және Қарағанды облысының құрамалары кездесті. Алматылықтар жақсы нәтиже көрсетіп, қазақ күресінен Конфедерация кубогының жеңімпазы атанды.
Айта кетер жәйт, айтулы доданың жүлде қоры 125 млн. теңгені құрады. Аталып өткен спорт түрлерінен әрбір жеңген командаға ақшалай сыйлық, сондай-ақ, медаль, диплом және кубоктар табысталды.
Қазақ күресі мен таэквондошылардың Кубоктары Алматыда қалды.