Астана төрінде «Хан Шатыр» ОСО-да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Batyrs’ Battle» мәдени-спорттық жобасының тұңғыш турнирі тұсауын кесті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Қазақтан шыққан алып күш иелері Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыздың жолын қуған сегіз балуан күш атлетикасы бойынша бәсекеге түсіп, бақ сынасты.
Аталған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген сегіз балуан Баһадүр, Еркін, Көкжал, Маска, Сұңқар, Тау Тұлға, Толағай және Шымыр деген лақап аттармен өнер көрсетті. Жарысқа қатысушылардың ең жасы кіші 18 жастағы павлодарлық Сұңқар балуан болса, ең жасы үлкен 42 жастағы қарағандылық Еркін батыр болды.
Сайыс төрт кезеңді қамтыды. Атап айтсақ:
1-кезең: салмақтары 60, 80 және 100 келі тартатын қаптарды жылдамдыққа көтеру;
2-кезең:160 келі тасты жылдамдыққа көтеру;
3-кезең:140 келі бөренемен отырып тұру;
4-кезең: сом темірді ию.
Жарыс ережесі бойынша әр кезеңде төмен нәтиже көрсеткен 2 қатысушы турнирден шеттетіліп отырды.
«Балуандардың барлығы да зор алып күш иелері. Қажымұқан атамыздың нағыз ізбасарлары десек артық болмайды. Мықтылардың мықтысын анықтау оңай болмады. Әсіресе, қатысушылардың күш-жігерлерімен қатар жылдамдықтары да бағаланған 1, 2-кезеңде нәтижелердің айырмашылығы секундтың ондық және жүздік бөліктерін құрады. Дегенмен, бетперде киген шымкенттік балуан өзгелерден басым түсіп, жеңіске жетті», - дейді жобаның атқарушы директоры Алмас Қожахметов.
Жарыс қорытындысы бойынша турнир жеңімпазына 200 мың теңге сомасында ақшалай жүлде табысталып, «Batyrs’ Battle» арнайы кубогі тарту етілді. Ал өзге балуандар Астана қаласы әкімдігінің атынан тағайындалған естелік медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Сондай-ақ, кезеңдер арасындағы үзілісте жас спортшы, КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабының рекордсмені Амир Махмет шыны бөтелекелерде кеудесін жерден көтеріп, жиналған қауымды өз өнерімен тәнті етсе, «Batyrs’ Battle» жобасының авторы, бас үйлестіруші Сергей Цырульников Қажымұқан атамыздың бірқатар күш көрсетілімдерін қайталап, шара көркін қыздыра түсті. Сонымен қатар, салмағы 160 келіні құрайтын тасты тісімен көтеру арқылы жаңа рекорд орнатып, көрермендерді таң қалдарды.
«Batyrs’ Battle», яғни «Батырлар шайқасы» елімізде ұлттық нақыштағы шоу элементтерден тұратын күш атлетикасы бойынша сайыстарды ұйымдастыруға бағытталған тұңғыш теңдессіз жоба. Жобаның басты миссиясы салауатты өмір салтын насихаттап, ер күшін сындарлы дәріптеуді қалыптастыру және қолдау. Мыңдаған жылдар бойы тарих еншісінде қалып келген Ұлы дала батырлары мен балуандарының күш сайыстарын қайта жаңғыртып, дара серілік кодексін танымал ету. Осылайша, «Мәңгілік ел» және «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламаларын іске асыруға үлес қосу болып табылады.
«Batyrs’ Battle» ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған жоба. Бұл жарысты ұйымдастыру арқылы ендігі ұмытыла бастаған, жас ұрпақ тек тарих беттерінен ғана оқып біле алатын өткен ғасырда қазақтың атын әлемге танытқан Қажымұқан сияқты атамыздың күш өнерін қайта жаңғыртуды көздедік. Бүгінгі дода біздің алғашқы қарлығашымыз. Келешекте аталған турнирді облыс және республика көлемінде де өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді жоба жетекшісі Ануар Махметов.