Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін бірнеше міндеттер қойып отыр. Осы міндеттердің ішінде адами капитал – жаңғыру негізі екендігі айтылады.
Елбасы «Үздік денсаулық сақтау ісі - дені сау ұлт» бағыты бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қалай іске асырылуы керектігін атап, нақты тапсырма берді. Елбасы өз Жолдауында: «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен көшетін болады», деп атап көрсеткен.
-Елімізде денсаулық саласында енгізілген ең үлкен өзгерістердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. МӘМС жүйесінің 2020 жылға дейін шегерілуінің белгілі себептері болды. Елімізде өзін-өзі қамтитын азаматтардың сақтандыру жүйесінен тыс қалу қаупі жоғары болып отырғандықтан Елбасымыз денсаулық сақтау саласын реформалау қадамдарын қайта қарап, сақтандыру медицинасына азаматтардың барлық санаттарының тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын, - дейді Астана қаласы бойынша «МӘМС» КЕАҚ филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қоры осы Жолдаудағы тапсырмаларды орындауға бет бұрды. Елбасының Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттілігіне аса ден қойылған. Осыған орай Қор «МСҚ: Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын іске қосқан болатын. Аталған қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емханалар мен стационарлардың жұмысына баға беруге болады. Онда дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер есепке алынады.
-Қосымшаны пайдаланушылар кез келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға септігін тигізеді, – дейді Астана қаласы бойынша «МӘМС» КЕАҚ филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Мобильді қосымша үнемі жаңартылып отырады. Алдағы уақытта қосымшаны емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, дәрігерге жазылу сияқты функциялармен толықтыру көзделіп отыр.
Елбасы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру қажеттілігіне баса назар аударады. Осыған байланысты Қор тарапынан ұсыныстар әзірленіп, өкілетті органға беріледі. Яғни, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Осы арадағы басты міндет - мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу.
Алдағы екі жылда Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналысуды көздеп отыр. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.
Стационарлық көмектен профилактикаға және өзге де қызмет түрлеріне көшу – Қор жұмысының басым міндеттерінің бірі.
Елбасы қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс екендігін атап өтті. Елімізде статистика бойынша науқастардың басым бөлігі дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Осының салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражат бірнеше есе артады.
Қор болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 проценті осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Аталған міндеттер дені сау ұлтты қалыптастыруға бағытталған Қор жұмысының алғышартына айналып отыр. Дені сау ұлттың ғана болашағы жарқын болады.
Гульзира Жибекенова
Оставить комментарий