Отандық киноның жаңа келбеті: жетістік пен кемшілік

/uploads/thumbnail/20180124193010749_small.png

2017 жылы комедия жанрының өзінен ондаған кино көрерменге жол тартты.  Соның ішіндегі ең қатты талқыланғаны мыналар болды:

 «Аға ма, әлде неке ме» (Брат или брак). Ернар Нұрғалиевтің режиссерлік етуімен түсірілген фильм көрермен арасында қолдау тапты. Комедия жанрындағы бұл туындыда Гаухар есімді қыз өзінің сүйіктісін бес бірдей ағасымен таныстырмақшы. Сюжет бойынша екі ғашық бес түрлі ер адамның қарсылығы мен қырсық мінезіне қарамастан қосылады. Киносүйер қауымның айтуынша, аталмыш туынды «бір рет көруге жарайды». Жеңіл комедияның кемшілігі де аз емес. Біріншіден, фильм нақты бір тілде түсірілмеген. Яғни диалогтың барлығы «шала қазақша» жүреді. Екіншіден, сценарий голливуд фильмдерінің негізінде жазылған сияқты. Біздің менталитетімізге жат. Мәселен, 50 жастағы ер адам клубтан-клубқа қыдырып жүретін, басына парик киген, ақыл-есі тоқтамаған адам ретінде көрсетіледі. Ал Марсельдің (басты рөлдегі қыздың бұрынғы жігіті) анасы – өзінен жас әйел, неге екені белгісіз, екеуі мотоциклмен серуендеп жүреді. Фильмдегі қалжыңдар да түсініксіз.

«Қазақша бизнес 1,2» (Бизнес по-казахский 1,2)

Режиссері Жеңісхан Момышев. Киноның бірінші бөлімінде Жомарт есімді жігіттің туысқандарымен бірлесіп кәсіп бастауы суреттеледі. Қазақстанда «қазақша бизнес» жасаудың тәсілдері мен бизнеске туысқандардың араласуы неге әкеп соғатыны баяндалады. Екінші бөлімде АҚШ-қа саяхаттаған қазақтардың шетелде жүрсе де, өз дәстүрін ұмытпайтыны көрсетіледі. Фильм 2017 жылдағы отандық кинолардың ішінде ең көп  кассалық жинақ – 299 683 300 теңге жинаған.

Нашар фильмдер

Соңғы жылдары отандық кино қоржыны комедия, драма жанрындағы фильмдермен  толығып келеді. Көрерменнің өз қызығушылығына сай фильм көріп, өз еркімен таңдау жасауға мүмкіндік туды.

Қазақстандық киносыншы Кәрім Қадырбаевтың айтуынша, былтыр прокатқа шыққан қазақстандық фильмдердің көпшілігі «Нашар фильмдер» (Золотая малина) қатарына енуі мүмкін.

«Мажорлар», «Соқыр махаббат», «Мұраға қалған махаббат», «Біз Сандықтауданбыз» фильмдерін қарап шықтым, шын мәнінде бұл фильмдерде актерлердің ойнынан бастап режиссюра мен сценраийге дейін проблема өте көп, - дейді ол.

2017 жылы ерекше белсенді болған режиссерлердің ТОП-3-тігі

Ақан Сатаев

Танымал қазақ кинорежиссері, продюсер Ақан Сатаевтың соңғы екі жылда түсірген туындылары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.  Кейінгі жылдары оның  «Рэкетир 2», «Хакер», «Блогер», «Анаға апарар жол», «Районы», «Кәсіпкерлер», «Ол», «Көшбасшы жолы» фильмдері жарыққа шықты. Режиссердің «Анаға апарар жол» атты киносы «Оскар» сыйлығына ұсынылды, «Районы» фильмі «Тұлпар» ұлттық кино сыйлығын алды.

Рүстем Әбдірәшев

Режиссер, сценарист Рүстем Әбдірәшев былтыр «Қазақ хандығы» телехикаясына режиссерлік етті.

Қазақ хандығына 550 жыл толуына байланысты түсірілген «Қазақ хандығы» туындысы 2017 жылы 5 қаңтарда жалпыұлттық прокатқа шықты. Осы аттас толықметрлі көркем фильм қазақстандық прокатта 72 миллион теңгеден астам қаржы жинады. Режиссердің отандық, халықаралық марапаты өте көп.

Асқар Ұзақбаев

Қазақстандық танымал режиссер былтыр «91», «Гламур для дур», «Қазаққа ғашық болмауға 5 себеп», «Келін де адам» фильмдерін түсірді. Оның бұл кинокартиналары қоғамда қызу талқыға салынды.

Отандық кинодағы жаңа «келбет»

Қазақстандық кино саласындағы жаңа есімдер қатарына Рашид Сүлейменовтың режиссерлік етуімен түсірілген «Періштелер ұйықтап жатқанда» фильміндегі басты рөлді сомдаған Жұлдыз Әбдікәрімованы жатқызуға болады. Бұған дейін ешбір жерде бой көрсетпеген Жұлдыз Әбдікәрімоваға осы туындыдан кейін  оның актерлік шеберлігі туралы біраз сын да, мақтаулар да айтылды.

Сонымен бірге  "Қазақ аруы" хикаясында басты рөлдердің бірін сомдаған Гүлзада Тұрлаш және «Алау» тобының әншісі Ержан Мұқатаевтың «Қозы Көрпеш Баян сұлу» көпсериялы хикаясындағы ойындары талай әңгімеге арқау болды. Дархан Сәркеновтың режиссерлігімен жарыққа шыққан туындының желі қолданушыларының қатаң сынына ұшырады.

Режиссер Сатыбалды Нарымбетов «отандық режиссерлер патриот емес, олар өз қалталарын ойлайды» дейді. Бұл да шындыққа жанасады.

Қазақ киноларының көпшілігіне тән кемшілік – картинада кәсіби актерлердің ойнамауы, рейтинг үшін танымал жұлдыздар мен әншілердің басты рөлдерді сомдауы. Кәсібилік болмаған соң актер ойынын шынайы  қабылдау өте қиын. Сценарийдегі сөздер жаттанды, орфографиялық заңдылықтар бойынша айтылады, жаргон, диалект сөздер қолданылады. Бұл фильмнің сиқын кетіреді.

Отандық кино саласындағы тағы бір  үлкен кемшілік – фильмдердің қазақша дыбысталмауы. Қазақ аудиториясы отандық туындыларды «шала қазақша» тілде көруге мәжбүр.

Әрине, қазақстандық өнімдерді қолдау керек, насихаттау керек, бірақ ол үшін өнім де сапалы болуы керек деп есептейміз. Шұбар тілде, батыстың стилінде түсірілген, қазақтың иісі сезілмейтін, актерлері жаттанды сөйлейтін фильмді көрерменге ұсынудың өзі қылмыс сияқты.

Оставить комментарий

Связанные Статьи