Ислам Кәрімовтің немересі Ұлыбританиядан саяси баспана сұрады

/uploads/thumbnail/20180131113640418_small.png

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Кәрімовтің немересі кіші Ислам Кәрімов Ұлыбритания билігінен саяси баспана сұрады. Бұл туралы оның Лондондағы адвокаты мәлімдеді.

Бұдан бұрын Кәрімовтің немересі шетелдік БАҚ-қа берген бір сұхбатында өзінің анасы Гүлнар Кәрімова жайлы хабар естігенін айтқан еді. Ол «осы хабардан кейін Ұлыбритания билігі саяси баспана беру туралы ойланады», – деп үміттенеді.

«Барлық құжат дайын болғанда мен саяси баспана сұрап, өтініш жазамын. Менің анамның өмірінде өзгерістер болды. Қандай өзгеріс екені құпия күйінде қалсын. Алайда мен анама қатысты бірнеше хабар алдым. Оған өзгелер сену түгілі, көз алдарына да елестете алмайды», – деп мәлімдеген болатын кіші Ислам Кәрімов.

Еске салайық, осыған дейін Өзбекстан билігі Гүлнар Кәрімованы жемқорлыққа қатысы бар деп айыптаған еді.

Кейін өзбекстандық БАҚ-та Ислам Кәрімовтің үлкен қызы сотқа тартылады деген ақпарат тарады. Бұл туралы экс-президенттің немересі: «Менің анық білетінім – анамның жемқорлыққа қатысы бар дейтіндей нақты дәлел жоқ, барлығы бұрмаланған», – деп сұхбат берген.

Ол Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі қинау мен қорлау арқылы қылмыстық істі жүргізіп, өздеріне қажетті ақпаратты алып отырғанын ашық айтты.

«Куәгерлердің көпшілігі үш-төрт жыл Ұлттық қауіпсіздік қызметінде қамауда болған. Оларды кез келген қағазға қол қоюға көндіруге болады. ҰҚҚ түрмесінде төрт жыл отырған адам, тіпті, өзінің қатысы болмаса да, кез келген қылмысты мойындауы мүмкін. Бұл – түсінікті жайт», – дейді ол.

Кіші Кәрімовтің айтуынша, атасы қызының саясатқа араласуына қарсы болған. Ислам Кәрімовке оның белсенділігі ұнамаған.

«Менің атам үнемі анама: «Менен асып кетпеуің керек», –  дейтін. Анам халықтың сенімі мен сүйіспеншілігін иеленіп, тағын тартып алады деп қорқатын. Атам үйде теледидардан анамды жиі көретін. Оның ашуланатыны соншалық, біз көптеген жобаны одан жасыруға тырыстық. Анам талай жұмысын құпия сақтады. Тіпті, теледидардан оның жобасы көрсетілгенде «менің жобам» деп айта алмайтын. Егер оны білсе, атам: «Сен менен билік тартып алғың келеді», – деп күдіктенер еді», – дейді Кәрімовтің немересі.

Ислам Кәрімов қайтыс болардың алдында оның туған қызы үйқамақта отырды. Қазір Гүлнар Кәрімованың тірі екенінен басқа нақты ақпарат жоқ.

Связанные Статьи