Оза шапқан одашы

/uploads/thumbnail/20180223115452333_small.jpg

фельетон

Кейінгі кезде Бұғыбай ақын қатты өзгеріп жүр. Қашан көрсең де басын қалтылдатып керемет кеңсеге қарай кетіп бара жатады.

Бұғыбайдың алаңғасарлығы ғана бәз баяғы қалпы. Ал төбесіне үйіліп қала беретін бір уыс жирен шашына ептеп тарақтың тісі тиіп, жейдесінің жағасы үтіктелетін болыпты. Өлең оқығанда маңыраған қойдікіндей сарғайып астыңғы тістері ғана көрінетін. Шикіл сары өңі нарттай болып қызарып шыға келуші еді. Қазір кесіп жіберсең де қан шықпайтын сияқты топырақбеттеніп тұрады. Ауыздың астыңғы сүйектері де сәл ағараңдайтындай ма, қалай?.. «Күнде «Колгейтпен» жуады» дейді, қасында отырса отырып, тұрса тұрып, оның көлеңкесіндей кейіпке айналып кеткен алтын тісті Мырзақұл.

Неге бүйте қалған десем, бұл Бұғыбайым әлгі керемет кеңсе ішінде іркілдеп отырған ірілердің үстінен қарайтын бір шенеунікке ода арнаған екен ғой! Қызды-қыздымен арасында «бұл қазақ енді сіздей ұл тумайды» деп соғып жіберіпті. Кейіпкері түбінде бір Алланың әміріне мойынсұнса, сонымен бірге тұтас ұлт жойылып кететіндей қиналған сиқы ғой. Қайтсін-ай, байғұс!.. Ал анау іркіт бөшкесіндей немелер онысын «артық әрпі жоқ па екен?..» деген күдік-күмәнмен жалпақтаған жандайшаптарына қайта-қайта оқытып, өз тіліндегі мазмұнын аударма арқылы әрең ұғып-біліп отыратын көрінеді. «Ниче, гозгазеттегі статьялар. Соны нетіп... былай... ну, стих ете салған. Пойдет» депті ақыр соңында білгіштеу біреуі. Екі жүз шумақ оданың расында да мақалалар жиынтығы екенін қайдан сезе қойған десеңші, сабазың!

Сонымен не керек, Бұғыбай өзгерді. Өзгергенін көз көрді. Бұрын көшеде түк түсінбейтін қаңғыбасқа еңіреуік өлеңдерін екілене оқып, студент қыздар жатақханасының тұсында тәлтіректеп жүрген кездерін ұмытқан. «Бұғыбайдың одасы» десең-ақ болды осы күні, бірінші сынып оқушысы да жатқа соғып береді. Хит! Оның алдында Нәпсібек деген шал да бірдеңе шатпақтап жүретін. Өзінен ірі кісілерді тал-терекке теңеп. Ондай ода «мода» емес қазір. Енді Бұғыбай бастаған жас буын келе жатыр. Бірақ, солардың Бүйрекбай атты біреуінің «Ата қаз» деген одасы шикілеу шығыпты. Ниче, госгазетті бір-екі парақтап жіберсе, ол да одашылық дәстүр бойынша Бұғыбай ағасынан қалыса қояйын деп тұрған жоқ. Одан кейін аяқ астынан Малтабек деген әсіребелсенді пайда бола кетіп, ол бір кісінің өзімен шектелмей, бәйбішесіне, тіпті, бала-шағасына дейін жеке-жеке тоқталып көрді. Бірақ, оның одасына оқырмандар онша мән бермей, «Малтабек малтасын езіп жүр» деді де қойды. Ал кейіпкерлері оқымады ма, әлде, оқып алып ыңғайсызданды ма... әйтеуір, ешқайсысы тұрақты авторларына ресми алғыс білдірмеді. Әйтпесе, ол бейбақ тоқалдардан басқа тақырып қалдырмаған болатын. Оларды жазуға ұялса да үй алмапты. Енді оппозиционер болып кетуі мүмкін.

Жә, қазір Бұғыбай не жазып жатыр екен? Көрінбей кеткен түрі жаман...

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Оставить комментарий

Связанные Статьи