Қызды қырық жігіттен тыю

/uploads/thumbnail/20180223154021451_small.jpg

Қазақ қоғамында  "Қызға қырық үйден тыйым"  болғаны белгілі. Олар арқылы қыздың шектен тыс боянып-жасануына, көп алдында жарыса сөйлеуіне, жалғыз қыдыруына, жыртақтап күлуіне тыйым салынған. Келешекте бір отбасының ұйытқысы, жақсы жар, ибалы келін болуына септігін тигізетін тыйымдар кешегі мен бүгінгі қыз бала тəрбиесінің ең басты арқауы.

Өкінішке орай, қазір: «Мен ешкімге міндетті емеспін. Барлығын өзім білемін. Өмір бір-ақ рет беріледі. Сол үшін жақсы өмір сүру керек», – деген шетелдік қағида ұлттық тәрбиемізге дендеп сіңіп келе жатқандығы көпшілікті қорқытатыны белгілі. Қалай болса солай киініп, өзіне-өзі есеп бермейтін қыздар көңілге көлеңке түсіреді. Каракөздеріміздің жат қылыққа бой алдырып темекі тартуы, арақ ішуі, жеңіл жүріске салынуы үйінде намысты еркектің жоқтығынан, сірə! Осындайда тағы да қазақтың намысты жігіттері қарсылық көрсетуі керек. Әдетте, біздің қоғамда ерлер жағынан мұндай қамқорлық көп байқала бермейді. Көпке топырақ шашпаймыз, əрине. Қазақы құндылықтарды жоғары ұстап, салт-дəстүр, тыйымдарды терең білетін ақылды, қазақы тəрбиені бойына сіңірген қыздар да жетерлік.

"Қызым үйде, қылығы түзде" деген сөз бүгінгі əр шаңыраққа таңсық емес. Ата-аналарға да кінə артпаймыз. Ешкім баласын жаман болсын демейді. Тыйымдарды айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ үйінде бір сызықпен жүрген қыз бар өнерін сыртқа көрсетеді. Осы кезде жауапкершіліктің ауыр жүгі тағы да жігіттер қауымына артылатыны анық. Егер жігіттер жағы үйден қырық қадам шығып, қырын жүруін тоқтатса, гүлдей құлпырған қызғалдақтарымыз бұл жерден табылмас еді.

Таяуда алыстан келген қонақтарға жатын орын іздеп,  қаладағы бір қонақүйге аяқ бастық. Бөлме мәселесімен барған біздер жаға ұстарлық дүниеге тап болдық. Киім ілгіштегі су жаңа киімдердей қаз-қатар тұрған қаракөздерді көргенде, жұмған ауызды аша алмадық. Тəнін сатып, күн көріп, сауданың көрігін қыздырып жүрген әпке-қарындастардың бұл қылығы бізді таңқалдырмай қоймады. Санаулы минуттың ішінде бұл қонақүйге кім келіп, кім кетпеді десеңізші? Рас, мына заманда ешкімнің өміріне араласа алмайсыз. Бірақ бұл ұлтқа жағылған қара күйені сүртуге бәріміз де бір кісідей атсалысуымыз қажет. «Ұлтымды сақтаймын десең қызыңды тəрбиеле», – деген бір ауыз салмақты сөз жетіспей тұрғандай. 

Қорыта айтқанда,  жігіттер қауымы айналасындағы қыздардың әрқайсына жауапты. Олар қалай киінеді, немен айналысады, тіпті, қылығына да біз тыйым салып отыруымыз керек. Қыздың дарақы қылығын, үстіне ілген қысқа киімін көре қалсақ: "Қарындасым, мынауың дұрыс емес. Ұят болады», – деген тыйымды жиі-жиі есіне салу бізге артылған міндет деп қабылдауымыз керек. Мүмкін, бір жігіттің сөзін жеке пікір ретінде елемеген қыз баласы қырық жігіттен осы пікірді естісе, бейсаналы түрде өзгере бастайтыны анық. Яғни, қыз тəрбиелі болу үшін жігіт намысты болу керек деген пікірмен бәріміз санассақ деймін. 

Жігіттер қыздарды "қарындасым", қыздар жігіттерді "ағам" деп сыйласа, қазақ елінен асқан текті ұлт болмайтыны анық.

Думан Кеңшілік

Оставить комментарий

Связанные Статьи