Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасында сотталғандарды беру туралы шартқа қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шартқа Бас Прокурор Қайрат Қожамжаров пен Қазақстан Республикасындағы Моңғолияның Төтенше және Уәкілетті Елшісі Лувсангийн Баттулга қол қойды.
Халықаралық құжат екі елдің азаматтарына шетелде қылмыс жасап, бас бостандығынан айырылған жағдайда жазаны өз елінде өтеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сотталған Қазақстан және моңғол азаматына қоғамға тез бейімделуге көмектеседі.
Осыған ұқсас халықаралық келісімдер Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабының талаптарына сәйкес жасалады және өз азаматтарына ел ішінде, сонымен қатар шет елдерде қамқорлық жасайтына кепілдік береді.
Атап өтетін жайт, Қазақстан қылмыс жасағандарды беру, қылмыстық жауапкершiлiкке тарту немесе үкiмдi орындау үшін, сондай-ақ қылмыстық істер, азаматтық-құқықтық қатынастар және құқықтық көмек бойынша Моңғолиямен шарт жасасқан.
Нәтижесінде Моңғолия Қазақстан үшін екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, қылмыспен күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында тиімді қарым-қатынас жасауға қажетті барлық халықаралық-құқықтық қоры құрылған кезекті елдің бірі болды.
Оставить комментарий