Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook-тағы парақшасында Ratel.kz және Forbes.kz журналистерінің ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Өздеріңіз білесіздер, тергеу кәсіпкер Зейнолла Кәкімжановтың жалған ақпарат тарату туралы арызы бойынша басталған еді. Арызданушының шағымы сот тарапынан бірнеше рет қанағаттандырылғаны да осыған себеп болды.
Бүгінде «Forbes» сайты әдеттегідей жұмысын жалғастырып отыр. Менің білуімше, тергеу шаралары бұл БАҚ-тың бір ғана қызметкеріне қатысты жүргізілді. Ұсталғандардың ешбіріне процессуалдық шаралар қолданылмаса да, бұл журналистік ортаны қатты дүрліктірді. Бұқаралық медиа өкілдерінің алаңдауын түсінеміз.
Біздің министрлік бірнеше тәулік бойы құқық қорғау органдарымен үздіксіз байланысып тұрды. ҚР АКМ – азаматтық меморган, тергеу шараларына араласуға құқығымыз жоқ.
Алайда осы істегі тараптарға арағайын болу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тергеудің барынша ашық әрі әділ болуына күш салады», - деп жазды министр.
Еске салайық, Алматыда Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіпов, орынбасары Сапа Мекебаев, журналист Анна Калашникова және Forbes Kazakhstan журналы бас редакторының орынбасары Александр Воротиловты полиция тұтқындаған болатын.
Ratel.kz пен Forbes.kz журналистік зерттеулерінде бұрынғы қаржы министрлі, кәсіпкер Зейнолла Кәкімжановтың «сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар» деген тұжырым жасаған. Сот сонымен қатар Forbes.kz сайты мен оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан 10 мақаланы жоюға және тағы тоғыз мақалада келтірілген мәліметтерді терістеуге міндеттеген. Ratel.kz сайты сот «шындыққа сәйкеспейді» деп тапқан 13 мақаланы жойып, терістеуге міндетті болған.
Сот шешімімен келіспеген басылым журналистері оған шағымданатынын мәлімдеген. 30 наурызда Алматы соты Ratel.kz сайтын бұғаттау туралы шешім шығарған.