Шахановтың сөзі үшін Әлібек Әлденей кішірейіп кешірім сұрады

/uploads/thumbnail/20180405103723912_small.jpg

Алматы телеарнасының басшысы Әлібек Әлденей әлеуметтік желіде халықтан кешірім сұрап, мәлімдеме жасады. Арна басшысының кешірім сұрауына 4 сәуір күні «Алматы» телеарнасындағы «Ақшам Алаң» бағдарламасында ақын Мұхтар Шахановтың XX ғасырдағы қазақтың өмірден өткен ұлы есімдеріне қарата айтқан сөздері себеп болған.

«Бағдарламада иісі қазақ төбесіне тұтқан ұлы тұлғалар - ірі эпик жырау Жамбыл атамның, қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов атамның, қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаев атамның аруағынан, қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар қайраткер, ақын ағам Нұрлан Оразалиннің өзінен, айтылған қисынсыз ой-пікірлер үшін кешірім өтінемін!

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді қазақ. Біздің тараптан осындай жаңсақтық кетті...  Қоғам қайраткерлерін эфирге шақырғандағы мақсатымыз - қоғамға үлгі болар ой тарату. Зиялы қауым өкілдері қашанда халықты тәрбиелеуші, асыл сөздің қазынасы, терең пайым иесі деп санаймыз.», - дейді телеарна басшысы.

Бір айта кетерлігі, Шаханов Алматы арнасының эфиріне дейін-ақ, 1 сәуірде таратқан мәлімдемесінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев сияқты тұлғалардың адами болмысына сын айтып, олардың тарихтағы бейнесіне күмән келтірген еді. Әрі осы мәлімдемесін жұрттың сынына қалған.

Әрине халық төбесіне көтерген, қоғамға, мемлекетке аты танылған тұлғалардың аузына қақпақ болу қандай да бір БАҚ басшысының міндеті емес. Бірер жылдың ішінде-ақ «Алматы» арнасының бойына қан жүгірткен Әлібек Әлденей тікелей қателік өткізбесе де, Қазақ төбесіне көтерген азаматтың артық-ауыс пікірі үшін телеарна басшысы ретінде кішірейіп,  «Ең қиыны, осы бір әбес әңгіме, жел сөз ел арасына іріткі салмаса, қалған қаңқу сөзге тамызық болып кетпесе деген адал ниетпен, ақ көңілмен осы сөздерді жазып отырмын...» ,- деп алаңдайды.

Связанные Статьи