АҚШ-тағы сайлауға Ресейдің қатысы бар-жоғын тексеріп жүрген арнайы прокурор Роберт Мюллер ресейлік олигархтарды тергей бастады. Бұл туралы 4 сәуірде CNN хабарлады.
Деректерге сүйенсек, бір ресейлік миллиардерді Нью-Йоркке жеке ұшағымен қонған сәтінен-ақ ұстаған. Оны тергеп, электрондық құрылғыларын түгел тексерген. АҚШ-қа сапарлап келген екінші олигархты да тергеді. Ал Мюллерді қызықтырған үшінші миллиардер көптен бері АҚШ-қа келмеген. Оған америкалық арнайы прокурорлармен «әңгімелесу туралы ұсыныс» жіберілді.
Ресейлік олигархтардың кім екені және олардың АҚШ-қа қашан барғандары белгісіз. CNN дерегі бойынша, бұл әрекеттер тергеушілерде ресейлік азаматтардың Трамптың сайлауалды кампаниясын тікелей немесе жанама қаржылай демеушілікпен айналысқанына қатысты құжаттар барын айғақтауы мүмкін. Америка заңына сәйкес, АҚШ-тағы шетелдік азаматтар ондай демеушілік жұмыстармен айналыса алмайды. Мюллер ресейліктерді Трампқа ақша аудару мүмкін деп күдіктеніп отыр.
Еске сала кетейік, 16 ақпанда америкалық Әділет министрлігі 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқан күдіктілердің тізімін жасады. Тізімге Ресейдің Евгений Проигожин бастаған 13 азаматы және үш компаниясы кірді. Алайда былтыр қарашада Пригожин сайлау кампаниясына еш қатысы жоқ екенін айтқан.